Қасиетті қара домбыраны сындырып, ұлттық құндылықты қор қылған жігітті әлдекімдер ұрып соққан көрінеді. Енді өміріне қауіп төніп тұрғанын сезген ол елден кешірім сұрап әлек. Ал біздің заңның осал тұсы осындайда айқын байқалып отыр. Өйткені қасиетті аспапты қиратқан азамат жазасыз қалайын деп тұр. Алайда өзге ұлттың өкілінен не сұраймыз, ұлттық құндылықтарды мазақ еткен қазақ жастарын да көрдік осыған дейін. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Достары «не надо» деп айқайлап, өзін рок-музыкант сезінген жігітті тоқтатуға тырысса да, оларды тыңдаған жан табылмады. Әп-сәтте қара домбырамыз қор, ал әлгі тентектердің көңілі зор болды. Есесіне сол кезде мәз-мейрам күй кешкен жігіттердің қазіргі жағдайы мәз емес. Дүйім қазақ жұртының ашуына тиіп, қоғамда кәдімгідей үлкен резонанс тудырды. Қандай былыққа батқандарын кейін өздері де сезді ме, әйтеуір кешірім сұрап, желіге видео жүктепті.
«Извините пожалуйста, казахский народ. За то что я так сделал. Мне реально стыдно. Я не хочу последствий. Мне столько поступает угроз много. Я чсестно извеняюсь за свой поступок»
Шын өкінді ме, жоқ па қайдам, бірақ ұлттық құндылықты таптаған жігітті кешіре салған ешкім жоқ. Тіпті заң аясында жауап беруін талап етуде. Алайда, заң бойынша тек ескерту алады, әрі кетсе әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалап шығады екен, болды. Одан артық шара қолдануға құқық жоқ.
АБЗАЛ БЕКБОСЫНОВ, ЗАҢГЕР
«Әрине бұл жігіттердің әрекеті заңбұзушылық болып саналады. Сондықтан құзырлы органдар тергеп тексеріп, бұл оқиғаға процессуалдық шешім қабылдап, бағасын береді деп ойлаймын»
Оған қоса, бұл оқиға бір жарым жыл бұрын болыпты. Видео сол кезде-ақ тараған, керек болса әлдекімдер сонысы үшін ұрып-соққан. Ал бәрі енді басылады-ау дегенде видео желіде қайта тарапты.
ӘЛИ БЕКТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ
«Ел болып мұндай мәселелерге біз тойтарыс беруіміз керек. Қарсы шығуымыз керек. Тәрбиелеуіміз керек. Айтуымыз керек. Егер біз өзіміздің домбырамызды қорласақ, біз өзімізді қорлағандай боламыз. Сонда біз кім болдық? Сондықтан бұл мәселелер дұрыс емес деп есептеймін. Біз домбыраны көтере отырып, өзімізді көтереміз. Ұлтымызды, ұлттық намысымызды көтереміз. Біз соған істеуіміз керек болашақта»
Алайда «болашақта» деп сөйлеуге шаршамадық па? Қоғам белсенділері бүгіннен қалдырмай нақты шара қолданатын кезге келдік дейді. Өйткені ұлттық құндылықтарды таптаған жастар бұған дейін де талай болды емес пе? Қазақтың күйін мазақ етіп, түнгі клубта ұятсыз би биледі….
«Күйге билеген қалай кетті, күйге?»
Төсіне ұлттық әшекей тағып, жалаңаш денесіне шапан киді. Керек болса, арақтың қаптамасына Құран сүрелерін, Абайдың әндерін жазып, ел-жұрттың ашуына тиді.
«Вот бутылки вот рожи видете их, мужик баба мужик. АБАЙ -ЖЕЛСІЗ ТҮНДЕ ЖАРЫҚ АЙ…
Мұндайда еріксіз оңтүстік көршілеріміз еске түседі. Оларда ұлттық құндылықтарды қорлау былай тұрсын, соларға қатысты жаман пікір айту дегеннің өзі атымен жоқ. Заңмен қорғалады өйткені. Ал бізде… бізде айтылуын айтылады, желіде пост жазылады, бірақ мәселе сол күйінде қалып, бірнеше аптада ұмытылады да қалады. Жоғарыдағы мысалдардың жылда көбеймесе, азаймай жатқаны да содан шығар бәлкім.