ӘКІМ: МӘСЕЛЕНІ ТЕЛЕАРНА ШЕШПЕЙДІ!

«Мәселені шешетін телеарна емес, әкім!». Баспаналарына жылу беруін сұрап барған тұрғындарға  Ақтөбе облысының әкімі осылай деп тіл қатыпты. Әкім уәдесінде тұрса, халықтың қайта-қайта телеарна шақырып несі бар?  Тұрғындар жылу керек деп, әкімдікке өткен жолы барғанда да, «проблемаларың 100 пайыз шешіледі» деп сөз беріп, шығарып салған  еді. Қысқасы,  жұрт әлі бүрсең қағып отыр.  Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қала іргесіндегі Жаңақоныс-2 елді мекендегі жер телімдері осыдан екі жыл бұрын беріле бастаған. 10 сотық учаскені үлестірген әкімдік тқрғындарға құрылыс жұмыстарын межелеген уақытта аяқтамасаңыздар, жерді кері қайтарып аламыз деп ескертіпті. Содан болар, жұрт жаппай құрылысты бастап кеткен. Жарықтың өзін жақында берген. Суды колонкадан тасып ішіп отыр. Қарашада береді деген көгілдір отыннан да хабар күтіп шаршаған жұрт.

БЕКБОЛАТ ДҮЙСЕНБАЕВ, ЖАҢАҚОНЫС-2 ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: «Газды бірінші ноябрь береміз деген. Оны да бермеді. Обогреватель қосып отырғандар 10 күннің ішінде 3 мың кВт жағып тастаған, ол деген 33 мың теңге ғой»

Қазірдің өзінде бұл маңда 100-ден астам түтін бар. Жұрт қақаған қыста қайда барарларын білмей отыр. Шағымдарын айтып бармаған жерлері жоқ. Аудан әкімінен бастап облыс басшысы Оңдасын Оразалинге дейін барған. Аймақтың басшысы журналистерге мәселелеріңді айтқандарың бекершілік депті.

ДӘМЕТКЕН АЙТЖАНОВА, ЖАҢАҚОНЫС-2 ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: «Телеарнаны шақырғансыңдар. Оның барлығына бару мүмкін керек емес пе еді. Барлығын шешетін- облыс әкімі, мен шешемін деді. Сонда сіз не айтасыз дегенде, биыл 2020 жылы жаңа жылды отбастарыңызбен қарсы аласыздар деді. Ал газды әлі қоспай жатыр!»

Үйі бар да, күйі жоқ тұрғындар пәтер жағалауға мәжбүр. Оның ақысын да кез-келгеннің қалтасы көтере бермейді.

АСЫЛ ЫСҚАҚОВА, ЖАҢАҚОНЫС-2 ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: «2 жыл квартирада, анда-мында, әркімнің есігінде жүріп үйімізді салып алдық. Енді тағы қаңғып жүрміз. Тоңып-шашырап, бала-шағамыз, бәріміз жаурап, киімімізбен отырамыз. Бірнеше обогреватель қосып отырмыз үйімізде».

Даурыққан жұртты әкімдіктегілер шыдаңдар деп тағы да сабырға шақырды. Өйткені, газ құбырларын жүргізу жұмыстары жоспар бойынша келер жылдың сәуір айында аяқталуы тиіс екен.

ЖАНДОС ӨТЕУЛИН, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ : «Жоспар екі жылға болатын. Бірақ, халық обращаться еткеннен кейін біз осы жылдың аяғына дейін іске қосу жұмыстарын жасап жатырмыз».

Әкімдіктегілер мердігер компанияға өз қаражатының есебінен жұмысты жеделдетуге қолқа салыпты. Енді осы аптаның соңында газ мекемесімен бірге жұмыстардың атқарылу барысын тексереміз деп отыр.

Первый канал Евразия

Комментарий (0)
Добавить комментарий