Әлемдегі әрбір оныншы адам ашқұрсақ жүр. Ас-су тапшылығына алаңдаушылық білдірген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз нақты әрекеттерге көшу қажет деп мәлімдеді. Сондай-ақ Қазақстанға сырттан төнген қатерлердің қаупі жоғары, деді Президент. Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы азық-түлік тапшылығына қатысты кешенді жоспар бар екенін де айтты.
Бұл туралы «Еуразия» бірінші арнасы хабарлайды.
Бүгінде жер шарының әрбір оныншы тұрғыны, яғни 700 миллионнан астам адам азық-түлік тапшылығының зардабын тартып отыр. Ал еліміздегі ахуал қандай?. Отандық нарық әлемдік бағаның қымбаттауынан туындаған қысымды қазірдің өзінде сезінуде. Президент мәселенің өзектілігі жылдан жылға арта беретінін жеткізді. Сондықтан, Еуразиялық экономикалық Одаққа мүше елдер қауіптің алдын алу үшін азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құжатты қабылдауды ұсынды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ: «Құжатта азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етуге, тапшылықтың пайда болу қаупін азайтуға, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінде пайдаланылатын материалдық-техникалық ресурстардың импортын алмастыруға бағытталған шаралар қамтылған. Аталған құжаттың маңыздылығын ескере отырып, оны Кеңестің Алматыда өтетін отырысында бекітуді ұсынамын».
Мамандар Мемлекет басшысының көтеріп отырған мәселесі Қазақстанға сырттан келетін қауіптен қорғанатын қадамдарды ерте жасауға серпін беретінін атап өтуде. Себебі әлемде халық саны жыл сайын көбейе бермек.
БАУЫРЖАН ЫСҚАҚОВ, ЭКОНОМИСТ: «Халықтың санының көбеюіне байланысты азық-түлік шығаратын кәсіпорындар саны екі есеге дейін төмендеп кеткен. Оған басты себеп сол өнім шығаратын кәсіпорындардың мүмкіндіктерінің азаюы. Азық-түлікпен айналысатын кәсіпорындар ауылшаруашылық саласымен тікелей байланысы болғандықтан ауылшаруашылығына қажетті жерлердің азайып қалуы. Міне осылардың барлығы айналып келген кезде азық-түлікке деген сұраныстың артуына алып келіп жатыр».
Президент Одақ мүшелерін өнеркәсіп саласында тығыз жұмыс жасауға шақырды. Тіпті өз Үкіметтеріне осы бағытты күшейту бағытында тапсырма беру жөн екенін айтты. Сонымен қатар, еуразиялық комиссия үшінші елдермен және одақтармен ынтымақтастық орнатуды тездетуге кеңес берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ: «Комиссия келіссөздер үдерісін жылдамдатып, өзге елдермен сауда-саттық жөнінде ынтымақтастық орнату үшін ұсыныстар дайындағаны жөн болар еді деп ойлаймын. Бұл жұмыстардың біршама кешеуілдеуі пандемияға байланысты екені түсінікті. Бірақ осы күрделі жағдайдан біртіндеп шығып, келіссөздерді тездетуге болар еді. Шанхай ынтымақтастық ұйымымен арадағы ықпалдастықты да арттыру маңызды».
Мемлекет басшысы трансшекаралық көлік жолдары мен логистикалық хабтардың әлеуетін арттыру маңызды деп санайды. Одаққа мүше мемлекеттер дайындаған жобалардың жүзеге асырылуын жеделдету ғана емес, сондай-ақ трансшекаралық тауарлардың легіне көрсетілетін қызметтер үшін оңтайлы тарифтік баға жасау да маңызды екенін атап өтті.