АҚШ одақтастарымен 2022 жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына бойкот жариялау мәселесін талқылауға ниеттеніп жатыр. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы Мемлекеттік департтаменттің баспасөз өкілі Нед Прайсқа сілтеме жасап хабарлады.
Прайстің сөзінше, азаматтық негізде бойкот жариялау бір ғана Вашингтонның емес, оның саяси одақтастарының да қызығушылығын көздейді. Прайс соңғы мезгілде Қытай билігіне қарата адам құқығын бұзу айыптары айтылып келгендіктен, Олимп ойындарына қандай мәлімдеме жасалуы керек деген мәселе талқыланып келе жатқанын білдірді.
Прайс әзірге қандай да бір мерзім туралы сөз жоқ екенін айтып, аталған спорт жарысының өтуіне әлі уақыт бар екенін жеткізді.
Өз кезегінде Қытайдың сыртқы істер министрлігінің (СІМ) ресми өкілі Чжао Лицзянь Олимп ойындарын саясиландырудан аулақ болуды ескертті.
Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах бұл спорт жарыстарына бойкот жариялауға қарсы екенін жеткізді.
Осыған дейін Еуропа одағы ұйғыр секілді мұсылман азшылықтардың құқықтарын бұзғаны үшін соңғы 30 жылда бірінші рет Қытайға санкция салған.
Канаданың төменгі палатасы Бейжіңнің мұндай саясатын «геноцид» деп таныған.
Еуропада құқық қорғаушылар мен қоғамдық ұйымдар Қытайдың Шыңжаң аймағындағы адам құқығы бұзылған жағдайларға көп көңіл бұрып жатыр.