Алматыда көппәтерлі үйге көмірмен от жағып, әжетханаға далада барады десе ешкім сенбейді. Алайда ондай үйлер қаланың қақ ортасында тұр. Өткен ғасырдың 50 жылдары салынған үй бүгінде тозығы жетіп, апатты күйге түскен. Алайда қала басшылығы оны апатты деп тапқанымен, бұзуға асығар емес. Жақында өрт шыққаннан кейін тұрғындар мүлдем онда тұруға қорқып қалғандарын айтады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«26-сы күні өрт болды, пештің мұржасынан өрт шықты. Ол жоғары жақтан шықты». Алматының қақ ортасында мына үйдің тұрғындары бірнеше күннен бері үрей құшағында отыр. Сәтін салғанда тілсіз жау тұтанған кезде өрт сөндірушілер дер кезінде келіп, лезде ауыздықтап үлгерген. Әйтпегенде, екі қабатты үйдің іргетасынан басқа ешмеме қалмайтын еді. Өрт пештен шыққандықтан оған от жағуға тыйым салыныпты. Сымайловтар отбасы енді туыстарының үйін паналауға мәжбүр. ЖАҢЫЛ СЫМАЙЫЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Машина жүретін болса мына үйдің бәрі қозғалады, балалар қорқады. Сосын мына жаққа кішкен-кішкентай ремонт жасаймыз, жыл сайын түседі, асты қопарылып жатқан үй. Жыл сайын от жаққанмен үй суық. Әйтеуір балалар жиі-жиі ауырады». Жұрттың үйрейленетініндей бар. Осыған дейін жарылыс болып, бір кіреберістегі бірнеше пәтер қирап, үш адам көз жұмыпты. Ал орталық жылу жүйесі, ыстық, суық су, кәріз жүйесі тұрғындар үшін орындалмайтын арман. Газ құбырын тартқанымен үй апатты болған соң оны кіргізуге рұқсат бермепті. Сондықтан көмірмен от жағуға мәжбүр. Ал электр қуатын пайдалану қауіпті. Себебі, электр желілері де әбден ескірген. ЛЮДМИЛА ЧУМАКОВА, ҚАЛА ТҰРЫҒЫНЫ: «Бұл үй 1958 жылы салынған. Мұнда апаларымыз бен аталарымыз тұрған. Үй салынғаннан бері күрделі жөндеу көрмеген. Бізде газ, кәріз жүйесі деген сынды коммуникация атымен жоқ. Үйімізді пешпен жылтамыз. Әр пәтерде газ балоны мен пеш тұр. Ол өте қауіпті. Пәтерлердің бірінде осыған дейін жарылыс болып, екі бала көз жұмды. Ешкім бізге назар аудармайды. Аудандық, қалалық әкімдікке қанша шағымданғанымызбен нәтиже жоқ». МАМЫТХАН ТӘҢІРБЕРГЕНҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Үйіміз қамыстан салынған баяғы 58 жылы, Хрущев кезінде салыған үй, 61 жыл болды. Әлі от жағамыз, пешке от жағамыз. Ел құсап кухняда отырып шәй ішіп, жылы су, ыстық сумен бізде ондай жоқ. Су жоқ мына жерде». Аудан басшылығы мәселеден хабардар. 16 пәтерлі екі үйді сүрілетін үйлер тізіміне енгізіпті. Бірақ, қашан бұзылатынын әзірге белгісіз. Ал құбырын тартып, қазандық қою көзделіпті. Алайды, тұрғындар жылу жүйесін орнатуға қарсы болған көрінеді. ЕРТІС БЕСІРОВ, АЛАТАУ АУДАНДЫҚ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Райымбек даңғылының бойындағы 347, 347А деген екі үй қосылған. Аталған үйлерді сүріп орнына жаңа үйлер салу бағдарламасы Алматы қалалық күрделі құрылыс кәсіпорны тарапынан жүргізіледі. Сол мекемеге ұсыныс бірілген. Қазіргі тағда сол мекеме сол үйлерді сүріп, орнына жаңасын салуды қарастыруда». Әзірге тұрғындардың жанайқайын естиітін жан болмай түр. Қай күні үйінді астында қаламыз деп үрей құшағында отырғандарға апатты болса өз үйлерінде тұрудан өзге амал жоқ. Ал тұрғын үйдің бұрын өртеніп кеткен бөлігінің орнына әкімдік балалар алаңын салып беріпті. Ең болмаса бұлдіршіндер алаңсыз ойнасын деген болулары керек.