Қанды аялдама! Бүгін Қызылордада автобус күтіп тұрған адамдарды көлік қағып, үш жан оқиға орнында көз жұмды. Сұмдық жайт көшедегі адамдардың көз алдында болған. Оқиғаны камераға түсіріп, видеоны әлеуметтік желіге жүктегендер жүргізушінің жүгенсіздігіне ашуланып, боқтық сөздер айтқанын естуге болады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл — оқиға орнынан түсірілген алғашқы кадрлер. Жол апатын жасаған көліктің алдыңғы бөлігінің сау тамтығы қалмаған. Ал оқиға орнында тәртіп сақшылары мен жедел жәрдем көлігі, адамдар қаптап жүр. Сұмдық жағдай таңғы сағат 09.15-тер шамасында Назарбаев даңғылында болған.
«Көлік құралына ие бола алмаған Тойота-Камри автокөлігінің жүргізушісі мына аялдамаға келіп соққан. Соққының қатты болғаны соншалық, темір аялдаманың бір бұрышын жұлып кеткен. Осы сәтте аялдамада тұрған бес адамның үшеуі оқиға орнында жан тапсырса, екеуі жедел түрде ауруханаға жеткізілді».
Куәгерлер түсірген видеода аялдамада төрт баланың сұлық жатқаны айтылады. Алайда, тәртіп сақшылары да, дәрігерлер де қаза тапқандардың жынысы мен жасы жайлы тіс жарып ештеңе айтпай отыр. Ал зардап шеккендер шаһар тұрғындары екен. Олар қалалық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер жағдайлары орташа ауыр деп отыр.
АЙБЕК МЫРЗАҒҰЛОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Қазіргі таңда жағдайлары емханаға түскен тұрақты. Шок жағдайы жоқ, емін алып жатыр».
Үш адамның өліміне кінәлі автокөлік жүргізушісінің 20 жастағы қала тұрғыны екені белгілі болды. Жылдамдықты шектен тыс асырған ол, қатар келе жатқан Мерседес-Бенц автокөлігін бүйірден соғып, сосын рөлге ие бола алмай аялдамаға кіріп кетіпті. Қазіргі таңда жүгенсіз жүргізуші қамауға аланған.
ШАМШИДИН ӘМИТОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: » Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-ші бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тойота-Камри автокөлігінің жүргізушісі уақытша ұстау абақтысына қамалды».
Әзірге жол апатын жасап, жасықсыз жандардың өмірін қиған жүргізушінің кім екені белгісіз. Рөлге оның сау не мас күйінде отырғаны да беймәлім. Ал, бұл сұмдық жағдайды Облыстық полиция департаментінің басшысының қатаң бақылауына алған көрінеді.