Жаңа жылдан бастап бензин 10 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Үкіметтің бүгінгі отырысында Қаржы министрі Әлихан Смайылов осылай деп ашық айтты. Жанармай бағасының көтерілуіне екі себеп бар екен. Біріншіден, алдағы жылдан бастап әлеуметтік саланың шығындары көбейеді. Мәселен, мұғалімдердің жалақысы өседі. Екіншіден, шағын бизнестің салықтан босатылуынан бюджетке түсетін кіріс азаяды. Соның орнын толтыру үшін Үкімет мұнай өнімдерінің акцизін көтеріп жатқан көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Мен не деймін, домбырам не дейді?» деген тәмсіл бар еді ғой. Бізде де дәл солай. Президент Жолдауда тапсырма береді. Ал оны орындау үшін Үкімет неше түрлі тәсілге көшеді. Мәселен, шағын бизнесті үш жылға салықтан босатуды тапсырды. Мұғалімдердің жалақысын көтеру жоспарланып отыр. Мұның бәрі бюджетке біраз салмақ. Енді осы шығынның орнын толтырып, Президент тапсырмасын орындау үшін Үкімет мұнай өнімдерінің акцизін көтеруді көздеп отыр. Бензин бағасының қымбаттауын Қаржы министрі осылай түсіндірді.
Бензин жаңа жылдан бастап өседі. Бірақ азық-түлік бағасы көтерілмеу үшін қадағалап отырамыз дейді, Үкімет.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: «Бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі деп күтілуде. Бұл шамамен 6 процент. Инфляцияға елеулі әсер етпеуі тиіс, дегенмен бағаның өсуі үнемі күн тәртібінде. Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін барлық шараны қабылдау қажет».
Үкімет бұған дейін де «бағаны ұстап тұрамыз» уәде беріп келді. Бірақ, өткен жаздың өзінде жанармай қымбаттамаса да, азық-түліктің құны көтерілді.
«Бәрі де перевозкаға байланысты ғой. Тамақ, киім, мен ойлаймын, әсер етеді әрине.
«Барлығы жанармайға байланысты ғой. Налогтың азайғаны, жалақының өскені. Керісінше, жанармайдың бағасын түсіру керек қой».
«Өзіміз таңнан кешке дейін машинамен жүреміз. Газ қондырдық. Оған да 20-30 мыңдай кетеді. Балаларды тасимыз. Жанармайдың қымбаттағаны дұрыс емес».
«Ол көтерілгеннен кейін азық-түлік көтеріледі. Айлық жетпей қалады. Квартира мен коммуслугасы бар».
Үкіметтің есебінше, 2020 жылдан бастап әлеуметтік шығындар үшін республикалық бюджеттен 6 трлн теңге қарастырылады екен. Мұның сыртында педагогтардың айлығын көтеруге кететін шығын бар. Қазір атқарушы органның бюджеттің бүйірін толтырудың қамын жасауда. Бензин бағасынан бөлек, кедендік салықтың қазына түсуін жүйелеп, қадалағалауды күшейтпек.
АЙНҰР АЛПЫСБАЕВА, ЭКОНОМИСТ:
«Акциздің бағасы көтерілсе, тауарлар мен түрлі қызметтер қымбаттайды. Транспортировка өзіндік құнына жатады. Сондықтан бүкіл тауар қымбаттайды. Бірақ фактор бар,баға көтерілмеу үшін. Өзімізде өндіріс жоғары болса, нарықта тауар көп болса, сол кезде ғана қымбаттамайды. Ол үшін кәсіпорындар жақсы жұмыс істеу керек».
Әлихан Смайыловтың сөзінше, бензин бағасының қымбаттауына әсер етіп отырған тағы бір фактор бар. Бізде Аи-92 маркалы жанармайдың орташа бағасы 150 теңгенің төңірегінде болса, Ресейде біздің ақшамен есептегенде 260 теңге екен. Тиісінше, бізден тонналап тасып жатқан көрінеді. Осы бағытта да тиісті шаралар қабылдамақ.