Күні кеше ұсталған Байқоңыр ауданының әкімі пара ретінде соңғы үлгідегі смартфон және 4 млн теңге алған. Ал, Алматы қаласы Алатау ауданының бұрынғы әкімі мен оның орынбасары мемлекеттік бағдарламаға бөлінген қыруар қаржыны жымқырды және мердігер компанияларға «бас-көз» болу үшін ауызбастырық алды деп айыпталуда. Одан басқа ұсталған лауазымды тұлғалар кімдер? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Жемқорлықпен күрес агенттігі 21-қаңтар күні Елорданың жаңадан құрылған Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есіловты ұстағанын хабарлады. Шенеунік ауызбастырық ретінде 4 млн теңге және құны 550 мың теңге тұратын су жаңа смартфон алған деген күдікке ілінді. Бірақ, жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері әкімді пара алу сәтінде емес, ұялы телефонды тыңдау арқылы қолға түсірген. Атқамінер, ұзақ уақыттан бері құзырлы органның назарында жүрген көрінеді.
ДАНИЯР БЕГАЙДАРОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ БІРІНШІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ТЕРГЕУШІСІ:
«Нұр-Сұлтан қаласы Байқоңыр ауданының әкіміне қатысты қылмыстық іс тергелуде. Әкім айфон ең соңғы моделі пара алды деген күдікке ілінуде. Яғни, ЖШС-ке тиісті көмек көрсеткен үшін алған. Және де ол қылмыстық іс бойынша қазір тергеу жүргізілуде».
Айта кетсек, құрылғанына екі жыл енді болатын ауданның әкімі өз қызметіне өткен жылдың сәуірінде ғана тағайындалған. Лауазымда отырғанына 9 ай енді болыпты. Агенттік өкілдерінің сөзінше, 40 жастағы шенеунік ірі көлемдегі параны кәсіпкерді конкурстардан өткізу үшін алған көрінеді. Шенеуніктер ол қаржыны құрылыс компаниясынан аяқталмаған жұмыстарын қабылдауға және қолдау көрсету үшін алған.
Сондай-ақ, жуырда ғана қызметінен босаған Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі мен бір топ шенеунігі де жемқорлыққа қарсы агенттіктің құрығына ілінді. Ауданды екі жарым жыл басқарған Шахмерден Рыспаев пен оның орынбасары және әкімдік аппаратына қарасты мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жетекшісі ұсталды. Олар «Аймақтарды дамыту 2020» бағдарламасына бөлінген қаржыны жымқырды деп күдіктеліп отыр.
ДАНИЯР БЕГАЙДАРОВ, ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ БІРІНШІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АҒА ТЕРГЕУШІСІ:
«Алатау аудандық әкімінің орынбасары қазіргі кезде қылмыстық іс тергелуде оның жалған актілерді қол қоюына байланысты және де қазіргі кезде әкім мен оның орынбасары ұсталып ИВС-ке қамалды. Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, бұл қылмыстық іс қазіргі кезде тергелуде. Күдіктілердің соңғы дәрежесін сот анықтайтын болады».
Пара аламын деп, басы дауға қалған лауазымды тұғалардың қатары мұнымен бітпейді. Күні кеше оңтүстік шаһардың Бостандық ауданы сотының төрағасы да ауызбастырық алу барысында қолға түсті. Ол сот отырысының хатшысы арқылы шетелге шығуға тыйым салынған борышкердің шектеуін алып тастау үшін ақша алған деген күдікке ілініп отыр. Ұсталған азаматтардың тағдырын енді сот шешетін болады.