ДАЛАДА БАЛА ЖАТА МА?!

Қостанайда сұмдық жағдай тіркелді. Қаладағы қоқыстардың бірінен жаңа туған шақалақ табылды. Шала-жансар күйде. Нәрестені жергілікті тұрғын тауып алыпты. Ол сол мезетте жедел жәрдем шақырған. Дегенмен, дәрігерлер баланың өміріне араша бола алмады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жан түршіктерер жайт қаладағы «Әуежай» шағын ауданында тіркелген. Қоқыс контейнерінде жатқан нәрестені жергілікті тұрғын Гүлден Жәкенова байқапты. Азаматша көзім бірден пакетте үн шығармай, қозғалмай жатқан баланың аяқ-қолына түсті, дейді. Қорықаннан ол балаға көмектесе алмай, жедел жәрдем мен полицияны шақыртқан.

ГҮЛДЕН ЖӘКЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
«Мен жақындап, ашуға қорықтым. Қара пакетте жатты. Жедел жәрдем мен полиция шақырттым. Өте сұмдық жайт. Бірінші рет осындай жағдайға тап болып отырым. Менің ойымша, баланы аман сақтап қалудың мың жолын табуға болар еді. Ең болмаса балалар үйінің жанына тастап кетуге болатын».

Дәрігерлер кейіннен қоқыс контейнерінде баланың шала-жансар күйде болғанын, әбден қиналғанын анықтаған. Көмекке жеткен жедел жәрдем мамандары нәрестені аман алып қалуға қанша тырысқанымен де, ол шетінеп кетті.

КСЕНИЯ ЖЫЛҚЫБАЕВА, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТШІСІ:
«Оқиға орнына жеткен дәрігерлер қолдарынан келгенше көмектесті. Өкінішке қарай, баланы құтқару мүмкін болмай шықты. Шақалақтың сол кездегі жағдайына зер салсақ, ол бір сағаттан артық уақыт контейнерде жатқан».

Ауыр қылмысқа барған келіншек нәрестенің үнін ешкім естімесін десе керек. Өйткені, ол баланың басына пакет кигізіп, тастап кеткен. Құзырлы орган өкілдері оның қылмысқа қатысы бар деп күдіктенуде. Дегенмен, ол әлі табылған жоқ.

НҰРЛАН АРЫСТАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ТЕРГЕУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ:
«Істің мән-жайын және нәрестенің анасын табу бойынша жедел іздестіру қызметі жүргізілуде. Полиция қызметкерлері баланың мүрдесі табылған жерде орналасқан үйлердің тексеріп, тұрғындарынан сұрақ алып, іздестіруге кинологтардың көмектері қолданды».

Елді дүрліктірген оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 100-ші бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған. Анасының туған баласын өлтіру фактісі дәлелденсе, азаматша төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Первый канал Евразия

Комментарий (0)
Добавить комментарий