«Сен менің қанымды іштің, қазір пышақтаймын!». Қарағанды облысындағы локомотив пайдалану депосының басшысы қоластындағы жұмысшыларын осылай деп қорқытқан. Төзімі таусылып, шыдамы шегіне жеткен жаңаарқалық теміржолшылар бүгін журналистерге бар былықты жайып салды. Бес жыл бойы жалақыға жарымай, тозығы жеткен техникамен жұмыс істеп келген жандар басымызға қауіп төніп тұр дейді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«- Пока не надо снимать! — Давай пререкаться не будем?! — Не, не, пусть снимают изначала до конца».
Төртде отырған төртеу — теміржолшылардың шағымына байланысты жиналған арнайы комиссия мүшелері. Олар бастапқыда түсірілім тобының жұмысын тоқтатуды талап етті. Алайда ашуға булыққан жұмысшылар, егер тілшілер залдан қуылатын болса, онда өздері де бұл жерден кететіндерін айтты. Көптің қаһарынан қорықты ма, комиссия өкілдері жиынды ләм-мим демей бастап кетті. Ал 35 жұмысшы жылдар бойы жиналған жанайқайын ортаға салды.
ҚАЙРАТ ЖҰМАТАЕВ, «ЖАҢААРҚА ЛОКОМОТИВ ПАЙДАЛАНУ ДЕПОСЫ» АҚ МАШИНИСІ: «Неше жыл болды біздің айтып келе жатқанымызға. Ешкім тыңдап жатқан жоқ бізді. Енді сіздер тыңдайсыздар ма? Тыңдамайсыздар ма? Өздеріңіз білесіздер. Бізге әділдікмен барлығын айтып берсеңіздер . Ал егер әділдік болмаса, біз тоқтамаймыз. Бізде артқа жылжуы жоқ».
Жалақыға жарымай жүрген машинистер мен олардың көмекшілеріне басшылық қызметтегілер үнемі балағат сөздер айтып, жеке басына тіл тигізеді екен. Тіпті, шағымын білдіріп келген жандарды пышақтайтынын айтып, оғаш әрекеттер жасайтынын мұндағылар жасырып қалмады.
«Мен Жезқазғанға барып, разезной характерді толтырып, соны төлетуге бардым. Асия Рахметжанқызы қағазды бетіме лақтырып жіберді. Төлемеймін деп».
«Мен бастықтың кабинетіне кіріп келіп, амандасқан бетім сол еді, есепші кіріп келіп, «сен менің қанымды іштің, мен сені қазір пышақтаймын» дейді».
Басшылардың оғаш қылықтарын тізбектеп шыққан жұмысшылар, жалақының төмендігінен бөлек, қауіпсіздік талаптарының сақталмайтынына да тоқталды. Машинистердің сөзінше, тепловоздардың әбден тозығы жеткен. 1985-ші жылдан бері келе жатқан көлік құралдарының құрал-жабдықтары бүгінде шығарылмайды екен. Соның кесірінен, олар жиі өртеніп, бастарына қауіп төндірген кездері тіркелген.
САНЯ ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ, «ЖАҢААРҚА ЛОКОМОТИВ ПАЙДАЛАНУ ДЕПОСЫ» АҚ МАШИНИСІ: «Өртенген жағдайлар болды. Өртенген тепловоздарды бригада өз қалтасынан қалпына келтірді. Бәленбай мыңға».
ҚАЙРАТ ЖҰМАТАЕВ, «ЖАҢААРҚА ЛОКОМОТИВ ПАЙДАЛАНУ ДЕПОСЫ» АҚ МАШИНИСІ: «Огнетушитель де жоқ. Барлығын санаумен ғана береді. Баклашкаға су құйып аламыз. Сонымен сөндіреміз. Біз енді баяғы заманда қалып қойғанбыз ғой».
Шындықты айтып шырылдаған жұмыскерлердің шағымдарын тыңдауға келген комиссия мүшелері бұл өңірде үш күн қатарынан тексеріс жүргізетін болады.
АЛТЫНБЕК ЖҰМАДІЛОВ, «ҚТЖ ЖҮК ТАСЫМАЛДАУ» АҚ БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ: «Келді, кетті сөйледі. Айтып, айтып кетті деген әңгіме болмау керек. Бұл мен үшін және менің әріптестерім үшін ең маңызды. Қай жерде не болып жатыр барлығын анықтаймыз».
Аз жалақымен күн көріп, техника тапшылығына тап болған жандар мұнымен тоқтамаймыз деп отыр. Егер мәселені комиссия мүшелері шешпейтін болса, жоғары инстанцияларға да шағым білдірмек.