«Мектептерде домбыра сабағын енгізуіміз керек!» . Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл ұсынысы халықты біраз қуантқаны рас. Енді міне арада бірнеше ай өткеннен кейін, ерекше пәннің оқулығы да дайын болып, президентке таныстырылды. Жалпы бізге мұндай пән қажет пе? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Бабамыздың көзіндей, данамыздың сөзіндей, әр қазақтың төрінен табылатын қолымдағы қасиетті домбыраның алатын орны ерекше ғой, шіркін. Бұл қасиеттті аспапты тартқанда делебесі қозбайтын адам да жоқ шығар, сірә. (тартып кетем)
Домбыра үні күмбірлеген бұл күн ерекше болды. Бір мезетте 500 домбырашы бірге күй тартып, елордалықтарды тәнті етті, мерекемен құттықтап, президент те ерекше ұсыныс айтты.
ГРАФИКА: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
«Домбыра сабақтарын мектептерге енгізу қажет. Ұлттық құндылықтарымызды жастарымыздың санасына сіңіріп, насихаттау өте маңызды».
Әдетте қалай? Ұсыныс айтылған соң, бір-екі апта талқыланып, кейін ұмытып қалатыны бар еді ғой. Бірақ бұл жолы олай болмады. Араға бірнеше ай салып, домбыра сабағына арналған алғашқы оқулық басылып шықты. Бірақ сигналды нұсқасы. Президентке таныстырып, көрсету үшін. Алайда желіде жарияланған суреттерден оқулықта домбыраны үйренуге керектінің бәрі қамтылғанын көреуге болады. Яғни дұрыс отырып, аспапты қолға ұстаудан бастап, күй тартуға дейін барлығы жазылыпты.
ТҰРҒЫН СЫЗДЫҚОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
«Домбыра болғаны дұрыс, жағдай тудырып, форматын енді қарастыру керек, специалистер бар. Домбыраны білген адам жаман адам болып өспейді деп ойлаймын»
Айтпақшы, сабақ міндетті пәндерге кірмейді. Яғни , әр оқушы өз қалауы бойынша оқи алады. Бұл ретте заңды сауал туындайды емес пе? Қазірдің өзінде балалардың домбыраға деген қызығушылығы төмен, ертең қуана-қуана оқып кетеріне кім кепіл? Оған біз сауалнама жүргізу нәтижесінде көз жеткіздік.
«Немерелеріңіз домбыра тарта ала ма? Жоқ, тарта алмайды».
«Жоқ, тарта алмайды. лишний ақша болса, конечно қатыстыратын едік, жетпейді ғой. Тегін болса, болады.»
«Мен қалаймын, бірақ өзі қызықпайды. Мен де тарта алмаймын»
Әрине, бұл сабақты оқыған соң, барлығы күйші болып кетпейді. Бірақ, пәннің мақсаты ол емес екен. Бастысы, басын телефоннан алмайтын қазіргі ұрпақ киелі аспапты көзімен көріп, қолына бір алса, оның өзі қайда жатыр?
БЕКБОЛАТ ТІЛЕУХАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ
«Негізінен домбырашы болу да мақсат емес. Өзің қазақ болған соң пернесі, тиегі қайда екенін білген дұрыс та. Одан бір керемет музыкант болу мақсат та емес. Анау ұлттық кодын ояту үшін осы бір жақсы тәсіл деп ойлаймын. Мысалы, менің балаларымның барлығы домбыра тартады»
Қалай болғанда да, домбыра сабағы енгізіледі дегенге қарсы шыққан ешкім болмады әзірге. Бәрі қуана қолдап жатыр. Ал оның мектептерде нақты қашаннан бастан оқытылатыны әзірге белгісіз. Ол енді уақыт еншісіндегі мәселе.