ЕЛІМІЗДІҢ БАСЫМ БӨЛІГІН БОРАН БАСТЫ

Еліміздің басым бөлігінде тағы да ақ түтек боран. Салдарынан республикалық маңызы бар жолдардың басым бөлігін қар басып жатыр. Төтеншеліктердің ескертпесін елемей жолға шығып, қар құрсауында қалған жолаушылардың саны 1 мыңға жуықтаған. Оның 100-ге жуығы бала. Алыс жолды былай қойғанда, Елорда маңындағы Қосшы, Қоянды, Лесная Поляна елдімекендерімен байланыс үзілген. Адам шығыны бар ма? Боранның беті қашан қайтады? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Міне біз қазір көлікте отырмыз. Ешқандай көмек көрсетілмеді. Кеше сағат 11 лерде шықтық. Жол ашық болды. Бізді жол полициялары өткізді Щучинскіден. Міне, жігіттер бар күшін салып өздері қар күреп жүр».

Осылай деген бір топ жолаушы өздерінің Елордадан 50 шақырым жерде қар құрсауында қалғанын айтып отыр. Арада 1 тәуліктен астам уақыт өтсе де қиын жағдайға тап болғандарға көмектескен тірі жан табылмапты. Кептелісте тұрған жолаушылар қолдарынан келгенше қарды аршып жатқан көрінеді.

«Мы вчера с Кокчетава 10 часов утра едем не можем доехать. До Акколя даже. Ничего не видно. Метет сильно».

Кеше төтеншеліктер біздің азаматтарымыздан бөлек, бір топ көрші ел азаматтарын да құтқарған. Петропавлдан Ташкентке автобуспен бағыт алған жолаушылар боранда құтқарылып, Ақкөл қаласындағы ашылған жылыту бекетіне жеткізілген.

ЗИЯДУЛЛА ХАСАНОВ, ӨЗБЕКСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АЗАМАТЫ:
«Мен, Петропавл қаласынан Ташкентке бара жатыр едім. Кеше қар құрсауында қалдық. Бір тәуліктен артық көмек күтуге тура келді. Бақытымызға орай, төтеншеліктер келіп құтқарып қалды. Жылы орынға жатқызып, қажетті көмекті көрсетіп жатыр».

Ал, мына жігіттер бүгінгі күннің нағыз қаһармандары. Кеше түнде әлеуметтік желіден діттеген жеріне жете алмай жолда қалған жолаушылардың жанайқайын ести сала, 20-ға жуық азамат көмекке ұмтылған. Төтеншеліктерден бұрын барып, 100-ден астам жолаушыны құтқарып үлгерген.

ОЛЖАС АСЫЛБЕК, ЕРІКТІ:
«Келген кезде біздің балалардың саны 20 шақты болды. Барлығымыз қолымызға күрек, керекті саймандарды алдық. Барған кезде видимость нөл болды. Көрінбейді ештеңе. + 00:55 Қардың биіктігі 1 метрден асады. Машина өте алмай, қиналып жеттік соңында. Қайтар кезде, 100-ден аса автокөлікті шығардық».
Қазіргі уақытта еліміздің 9 облысындағы республикалық маңызы бар 52 жол учаскесі ақ түтек боранға байланысты жабық тұр. Күре жолдың бұл бөліктерінде 727 арнайы техника қардан тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр екен.

ҰЛАН АЛИПОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
«Қазір бүкіл республика бойынша 727 техника жұмыс жасап жатыр жолдың бойында. Біз кешелі бері қар құрсауынан құтқарған 300 техника мен адамдарды құтқардық көліктермен».
Ең қиын жағдай Нұр-Сұлтан-Щучье бағытында. Желдің екпіні секундына 28 метр жылдамдықпен соққандықтан, төтеншеліктер осы бөлікте қанша көлік қарға батып қалғанын есептеп үлгермей жатқан көрінеді. Оның үстіне, мамандардың ескертпесіне қарамастан, көлік тізгіндеп алыс жолға шығып кететіндердің қарасы қалың.

ЮРИЙ ИЛЬИН, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Жолда қалған азаматтарды құтқару шарасы жалғасып жатыр. Өткен аптада жалпы 750-ден астам қар құрсауында қалған жолаушы қауіпсіз жерге әкелінді. Арнайы техника 1 мың 500 көлікті сүйреп шықты. Бірақ, әлі боранда шамамен 500 автокөлік қалып қойды. Транспорттарды алып кету әзірге мүмкін емес. Ол үшін қорғаныс министрлігінің арнайы мамандары мен техникаларын тарту көзделіп отыр».

Алдағы уақытқа синоптиктердің де болжамы көңіл көншітпейді. Себебі, боранмен қатар, еліміздің солтүстік аймақтарын 30 градусқа дейін аяз басады екен. Сондықтан, төтеншеліктер тұрғындарға көлікпен алыс жолға шықпауға кеңес береді.
Первый канал Евразия

Комментарий (0)
Добавить комментарий