Халықаралық бокс қауымдастығы Ташкенттегі әлем чемпионатынан соң ХОК сенімінен айрылды

Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) 22 маусымда Халықаралық бокс қауымдастығын (IBA) сенімнен айыру туралы шешім қабылдады.

ХОК бас директоры Кристоф де Кеппер IBA-ны 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарында бокс жарыстарын өткізу құқығынан айыруға үндеді.

Былтыр көктемде ХОК халықаралық спорт федерацияларына Ресей мен Беларусь спортшыларын халықаралық жарыстардан шеттетуге кеңес берген. IBA ол кеңеске құлақ аспай, Ресей мен Беларусь спортшыларына Ташкентте өткен әлем чемпионатына өз елдерінің туымен жарысуға рұқсат берген.

Соған байланысты 19 ел, солардың ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Канада, Швеция, Польша, Нидерланд, Норвегия, Ирландия, Чехия, Швейцария және Украина биыл 1-14 мамыр аралығында Ташкентте өткен әлем чемпионатына бойкот жариялаған.

Халықаралық бокс қауымдастығын 2020 жылдан бері ресейлік Умар Кремлев басқарады. Ол өзбекстандық Гафур Рахимовтың орнына келген. Ұйым тізгінен қолға алған ресейлік кәсіпкер «Газпром» көмегімен 20 миллион долларға жуық қарыздан құтылып, екі есе көп қаражат тартуға уәде берген. 2021 жылғы желтоқсанда Кремль әбден жанжалға батқан AIBA-ны IBA деп өзгерткен.

IBA әрекетінен соң бірнеше мемлекет одан бөлініп шығып, World Boxing ұйымына топтасқан. Бұл ұйымды 2023 жылғы көктемде IBA ресми жарыстарына бойкот жариялаған елдер құрған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий