Украина спорт федерацияларына Ресей және Беларусь спортшыларының жарыстарға қатысқан-қатыспағанын бақылап отыруға, қатысқан жағдайда украин шенеуніктеріне хабарлауға кеңес берген.
Ресей Украина аумағына басып кірген соң халықаралық федерациялар Ресей спортшыларына биатлон, волейбол, жүзу, мәнерлеп сырғанау және коньки спорты бойынша халықаралық жарыстарға қатысуға тыйым салған.
2022 жылғы наурызда Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей және Беларусь спортшыларын Пекиндегі Ойындардан шеттетті. ХПК баспасөз қызметінің хабарлауынша, ұлттық комитеттер, командалар мен спортшылар Ресей және Беларусь атлеттерімен жарысудан бас тартқан. Кейін халықаралық комитет Ресей паралимпиада комитетінің мүшелігін тоқтатты.
Халықаралық олимпиада комитеті бұның алдында Ресей мен Беларусь спортшылары Олимпиада ойындарына қатысуға рұқсат берген, бірақ бұл елдердің атлеттері бейтарап мәртебемен ғана, командалық емес жарыстарға түсе алады. Олимпиада ойындарына барғысы келген атлеттің Украинадағы соғысты жақтамауы, сонымен бірге күш құрылымдарына, қауіпсіздік органдарына қатысы жоқ болуы тиіс.