Ішімдік ішіп рөлге отырғандарға жаза қатаңдатылса да, айылын жимаған жүргізушілер табылуда. Жаңа заң күшіне енгелі бері еліміздің әр өңірінде араққа сылқия тойып алып көлік тізгіндегендер табылуда. Алайда, ондайлар заң талабын белшеден басып, мәселені ақшаның немесе тамыр-таныстың көмегімен шешуге тырысуда. Бірақ, дегендері болмай жатыр.
Мас күйде көлік жүргізсеңіз қандай жазаға кесілесіз? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Аға, қол қойып кетіңіз! Қоймаймын мен, неге қоймайсың? Қоймаймын, братан. Қазір өзіңмен сөйлесейінші, бір минут. Жоқ».
Жо, жо-жоқ. Бәке, Сәке енді жоқ. Ауру қалса да, иә, әдет қалмайды. Тәртіп бұзған жігіт бармақ басты көз қысты қылайын деп еді. Болмады. Қолмен жасағанды мойынмен көтереді.
ЕРБОЛ САҒЫНБЕКОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПАТРУЛЬДІК ПОЛИЦИЯ БАТАЛЬОНЫ ҚЫЗМЕТІНІҢ АҒА ЛЕЙТЕНАНТЫ: «Алматы-Көкпек-Көктал автожолында жүрісі күдікті Мерседес маркалы көлігін тоқтаттық. Көлік иесі басында сыр білдірмеуге тырысып еді. Құжаттарды тексеру барысында одан алкогольдің иісі мүңкіп тұрды. Дәрігер нарколог арақ ішкенін растады».
Тексеріс тағы бір былығының бетін ашты. «Арақ ішіп көлік айдады» деген қылмыспен жүргізуші бұған дейін де, дәлірек 2017 жылы ұсталған екен.
— Не себепті сіз мас күйінде көлік жүргізесіз? Елімізде ішімдік ішіп, темір тұлпар тізгіндегендерге қатысты заң барын білесіз бе?
— Бұл сұрақтарға жауап бере алмаймын.
Нұр-Сұлтан қаласы. Түннің бір уағы. Ары бері бұлтаңдаған мына көлікке қарап, бірден түсінесіз, рөлде мас адам отыр. Жол полициясы тоқтатып, терезесін сындырды да, көлікке қарғып мініп, кілтін суырып алды. Бәлкім полицей, болуы мүмкін апаттың алдын алған шығар. Түркістанда да кезекті рейд ұйымдастырылып, мас жүргізушілар ұсталды. Нәтижесінде
Жол қозғалысы ережелерін бұзған бас аяғы 1614 оқиға тіркелді. Оның 7-уі мас күйінде көлік басқарған жүргізушіге қатысты.
Павлодарлық полицейлер де ащы суды сіміріп, жолға шыққан 9 адамды құрықтады. Барлығы да 7 жылға жүргізуші құқынан айырылып, 15 тәулікке қамауға алынды. Жас шамалары да әр түрлі.
ЖАННА БЕЛЯЛОВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: » 23 жастағы Павлодар қаласының тұрғыны көлікті мас күйінде жұргізген. Осы факт боынша әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді».
Хош. Жаңа заңның жаңашылдығын біз айтайық, сіз тыңдаңыз. Бұдан былай ащы суға тойып алып автомобиль айдау ауыр қылмыстар санатына жатқызылады. Егер жүргізуші автокөлікті мас күйінде жүргізіп, жол көлік оқиғасын жасап, салдары адам өліміне әкелсе он жылға дейін бас бостандығынан және өмір бойы көлік басқару құқығынан айырылады. Әкімшілік құқық бұзушылық заңында да өзгеріс бар. Енді араққа сылқия тойып ап, жолда түк болмағандай сызылып жүрсе де, көлік иесі 7 жылға дейін көлік тізгіндемейді, 15 күнге қамауға алынады. Бұрын бұл мерзім екі жыл еді. Егер оқиға қайталанса, 8 жылға жүргізу құқынан қағылып, 20 күнге түрмеге жабылады. Жаман айтпай жақсы жоқ, апаттан біреу зардап шексе, онда үш жылға дейін түрмеге тоғытылады.
Жаңа заңның жаңалықтарын жұрт әлі білмей жатыр дейді жолполдықтар. Қатаңдатылған тәртіп талай апаттың алдын алып, талай адамның жанын сақтап қалады. Тек арғы жағы сиырқұйымшақтанып, жемқорлыққа жалғасып кетпесе болды.