МИНИСТРЛЕР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛАДЫ

Әкім, министрлердің назарына! Бюджет қаржысын тиімді игере алмаған шенеуніктер 1-қаңтардан бастап әкімшілік жауапқа тартылады. Елдің шешілмей жатқан проблемасы шаш етектен, бірақ биылдың өзінде ведомстволарға үлестірілген 68 млрд, жергілікті әкімдіктерге бөлінген 75 млрдт теңге жаратылмай қалған. Бюджеттен бөлінген ақшаны қалтасынан шыққандай қимай жүріп, соңында қара тізімге еніп кеткендердің қатарында экология министрі Мағзұм Мырзағалиев пен Елорда әкімі Алтай Көлгінов бар. Бүгінгі Үкімет отырысында талқыланған өзге де тақырыптар аз емес. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. «Бүгінгі өткен Үкімет отырысында премьердің орынбасары және қаржы министрі Әлихан Смайылов Асқар Маминнен бір жылға деп нақтыланған бюджет қаражатын игере алмаған ведомство басшыларын жауапқа тартуды сұрады. Сондай-ақ, ол биылдан бастап бөлінген қаржыны ұқсата алмаған шенеуніктердің жауапкершілігін арттыру үшін ереже де бекітілгенін атап өтті». ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: «Өкінішке орай, бюджеттің үш рет нақтылауына, екі рет түзетілуіне қарамастан орталық мемлекеттік органдарда және жергілікті жерлерде 10 айдың қорытындысы бойынша қомақты сомаға бюджет қаражатының игерілмеуі орын алып отыр. Сол себепті Асқар Ұзақбайұлы өз қызметінде жіберген кемшіліктерінің нәтижесінде бюджет қаражатының игерілмеуіне себеп болғаны үшін тиісті бағдарлама жетекшілерін жауапқа тартуды сұраймын». «Енді, жаңа заң бойынша, қаржыны игере алмаған шенеуніктер тек сөгіс алып қоймай, әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Мұндай ереже 2020 жылдың 1-қаңтарынан бастап енгізілмек. Сонымен, бюджет қаражатын тиімді жарата алмаған ведомстволардың тізімін жаңадан құрылған экология және геология, табиғи ресурстар министрлігінің басшысы Мағзұм Мырзағалиев бастап тұр». ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: «Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі 10,1 млрд теңге. Білім және ғылым министрлігі 9,3 млрд теңге. Индустрия және инновациялық даму министрлігі 7,8 млрд теңге. Мәдените және спорт министрлігі 6,1 млрд теңге. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 5,1 млрд теңге». Әлихан Смайыловтың сөзінше, ведомстволардың бөлінген қаржыны игере алмауының басты себебі, мемлекеттік органдардың қайта құрылуы, орындалған жұмыстар құжаттарының тапсырылмауы, сондай-ақ, келісім-шарт жасасу үшін ұзақ уақыт жұмсалуында екен. Ал, Елорда әкімі лауазымына тағайындалғанына 5 ай енді болған Алтай Көлгінов те бюджет қаржысын игере алмағандардың қатарына кіріп отыр. ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ: «Ең көп игерілмеу мынадай өңірлерде қалыптасты. Нұр-Сұлтан қаласы 6,1 млрд теңге. Алматы қаласы 4,9 млрд теңге. Түркістан облысы 3,4 млрд теңге. БҚО 2,9 млрд теңге». Сондай-ақ, үкімет қабырғасында Алматы әуежайының түрік компанияларына сатылу жайы да сөз болды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қазір шетелдік инвесторлармен келіссөз жүріп жатқанын мәлімдеді.

БЕЙБІТ АТАМҚҰЛОВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ: «Менің білуімше, қазір түрік компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. Әлі толық аяқталмағандықтан, қандай да бір мәлімет бере алмаймын. Бір анығы, Алматы әуежайында күн санап жолаушылар ағымы өсіп келеді. Сондықтан, бізге қосымша терминал керек. Шетелдік компанияның келуі қосымша қаржы әкеледі». «Ведомство басшысысының сөзінше, егер еліміздегі ең ірі әуежай шетелдік компанияның қолына берілсе ол қызмет сапасының жақсаруына алып келеді екен. Бірақ, ашық дереккөздерге сүйенсек, Орталық Азиядағы ірі әуежайдың толық 100% акциясы, қазірдің өзінде нидерландылық компанияға тиесілі. Бұл жөнінде шенеунік әзірге мардымды ештеңе айтқан жоқ».

Первый канал Евразия

Комментарий (0)
Добавить комментарий