8 миллион теңге. Елордалық ер азаматтар сыртқы сымбаты үшін осынша ақшаны жұмсауға дайын. Әсіресе, соңғы уақытта жасанды бұлшық ет пен пресс жасатуға әуес ерлердің саны күрт артқан. Жас әрі тартымды көріну мақсатында хирург пышағына түсетіндер де жоқ емес екен. Бас қаланың жігіттері пластикалық отаның тағы қандай түрлеріне құмар? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Біздің бүгінгі айтарымыз әйелдер пластикасы туралы емес, біздің ер азаматтарымыз жайында. Иа, ерлер де сымбатты көрінгілері келеді. Ол үшін тіпті бума-бума ақшасын шашуға бар. Есесіне, бұлшық етін ісіреді, қабақ майын ысырып, қалқайған құлағын түсіреді.
Бұрын еркек атаулы 3 айда 1 рет хирург көмегіне жүгінсе, қазір 1 айда 3-4 ер адам пышаққа түседі екен. Біз алға тартып отырған деректі пластикалық хирургтың өз аузынан естідік. Ер адамдар көбіне отопластика, ринопластика және белфаропластика жасатады екен. Сондай-ақ жасанды бұлшық ет пен пресс те ерлер арасында сәнге айналып келеді. Одан бөлек…
ГҮЛЖАН ШАМШИЕВА, ПЛАСТИКАЛЫҚ ХИРУРГ:
«Сұраныс бар. Бір процедура бар, липофилинг деген. Адамның өзінің іш майын алып, липосация деген операция бар. Жергілікті анестезиямен аламыз да. Соны далее обрабатывать етіп, сол жирды вводим.
-Қажет жеріне салып бересіздер ғой?
— Иа, қажет жеріне.
Мұндай операцияның құны 300-400 мыңнан кем емес. Бірақ бағасын бәлсініп жатқан олар жоқ. Қалтаң қалың болса, болғаны… ақ халаттылар кем-кетігіңді әп сәтте түзеп береді. Енді ше, сұраныс бар жерде ұсыныс та жоқ емес.
ГҮЛЖАН ШАМШИЕВА, ПЛАСТИКАЛЫҚ ХИРУРГ
«Еркектер арасында блефаропластика, соын отопластика, көз, қабақ жасату, сосын отопластика, құлақты түзеу. Сосын гиникамастия, сүт безі өскен кезде, соны алып тастау, өйткені тоже космитичекий дефект оларға. Сосын мұрын еркектерде көбіне».
Көздің астындағы теріні алу мен қабақты көтеру елімізде белең алған операция түрлері. Екінші орында омырауды үлкейту. Ал үшінші орында бет терісін тарту. Отаның бұл түрі ерлер арасында да кеңінен тарап үлгеріпті. Түрімді жасартып немесе қаталдау етіп беріңізші деп өтініш жасайтындар да бар. Психологтардың пікірінше, мұндай қадамға өзіне көңілі толмайтын ер азаматтар барады екен.
БАЛАБЕК САҚТАҒАНОВ, ПСИХОЛОГ:
«Көбіне өзінің денесіне, болмаса белгілі бір мүшелеріне көңілі толмауы көбіне осындай әрекеттерге апарып жатады. Ол өзінің бойындағы комплекстерді жеңіп, сол арқылы басқа адамардың назарын өзіне аударып, белгілі бір дәрежеде өзіндік менін жоғарылату үшін ер азаматтар осындай әрекеттерге барады».
Ерлердің өз еркімен пышаққа түсуіне діни басқарма қандай пәтуа береді? Осы сұраққа жауап іздеп муфтиатқа бас сұқтық. Асыл дінімізде ота жасатуға қатысты екі түрлі көзқарас қалыптасқан екен.
ХАСАН АМАНҚҰЛОВ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Пластикалық отаны рұқсат етілген мәжбүри және тыйым салынған түрлерге бөліп қарастыруға болады. Туабітті немесе кейін бір жағдайлармен кейбір ағзасын орнына қою, немесе дене мүшені басқа бір жерге көшіру жолдарымн ота жасатуға шариғат рұқсат етеді. Егер өзіне бір зиян кеп жатқанын байқаған болса, онда алдын алу керек. Ал енді әшейн ешқандай бір қажет емес сыртқы келбетін өзгерту мақсатында, сұлу болу мақсатында ол керек емес те, міне осындай жағдайда ота жасатуға шариғат тыйым салады».
Мамандар пластикалық операция жасатпас бұрын емхананың тарихын тексеруге кеңес береді. Ота жасайтын дәрігердің білімі мен біліктілігі де маңызды. Сізге дейінгі жұмыстарын бір зерделеп шығыңыз. Операциядан кейінгі өзгерістерге іштей дайын болыңыз. «Ал ең абзалы табиғи жаратылысқа көндігу» — дейді психологтар. Иә, сыртқы сымбатың сықиып тұрғанмен, ішкі сарайыңның іріп жатпасына медицина 100 пайыз кепіл бола алмайды ғой.