Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.Мемлекет басшысы Әбу-Дабидің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен кездесті. Айта кетейін, Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мемлекетке ел президенті ретіндегі алғашқы рет барып отыр. Бүгін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылып, іскерлік ортаның кездесуі өтеді деп жоспарланған. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Мемлекет басшының бұл сапарының орны бөлек, маңызы зор. Сондықтан да болар, күтіп алушы тараптың қызу дайындық жасағаны байқалады».
Әуежайдан Қасым-Жомарт Тоқаевты Біріккен Араб Әмірліктерінің Энергетика және және өнеркәсіп министрі Сухейл әл-Мазруи қарсы алды. Шара әрмен қарай «Әл-Уатан» сарайында жалғасты. Мұнда президент БАӘ Тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянмен жүздесіп,
Қазақстан Республикасының Әнұраны шырқалды.
Барлық шаралар тізбегі бірінен соң бірі рет-ретімен өрбіді. Мемлекет басшысы мен Тақ мұрагері бірлескен суретке түсіп, кейін өзара делегация мүшелерін таныстырды. Салтанатты шарадан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев «Құрметті қонақтар» кітабына естелік қолтаңбасын қалдырды. «Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің достығы мен бауырластық қарым-қатынастары нығая берсін. Әмірліктер халқының ырысы мен берекесі баянды болуына тілектеспін!» делінген ізгі тілекте.
Шара Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянның ресми кездесуімен жалғасты. Мемлекет басшысы бұл сапарының негізгі мақсаты екі елдің арасындағы ынтымақтастыққа жаңа серпін беру екенін жеткізді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
«Дипломатиялық қатынастар орнаған 28 жылда Нұр-Сұлтан мен Әбу-Дәби көпқырлы ынтымақтастықты нығайтып, мазмұнды әрі ашық саяси диалог орнатты. Әсіресе, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымыз қарқынды дамып келе жатыр. Екі ел кәсіпкерлері белсенді жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда 350-ге жуық бірлескен кәсіпорын құрылды. Мысалы, елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында салынып жатқан «Әбу-ДӘби Плаза» кешені осындай табысты байланыстардың жарқын көрінісі».
Тақ мұрагері Мемлекет басшысының пікірімен келісетінін жеткізіп, екі ел арасындағы сауда айналымының артып келе жатқанын тілге тиек етті. Осы және өзге де бағыттарды дамыту бағытында жұмыстардың тоқтамайтынына сенім білдірді.
МҰХАММЕД БЕН ЗАИД ӘЛ-НАХАЯН, ӘБУ-ДӘБИДІҢ МҰРАГЕР ХАНЗАДАСЫ
«Қазіргі уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынастар өте жоғары деңгейде деп айта аламыз. Біз Біріккен Араб Әмірліктері ретінде Қазақстанмен ықпалдастықты дамытуға ерекше маңыз береміз. Соңғы жылдары Қазақстан мен Әмірліктер арасындағы сауда айналымы өсіп келеді. Әмірліктер Араб әлеміндегі Қазақстанның ең бірінші сауда әріптесі болып саналады. Сонымен қатар Орталық Азия ішінде әмірліктердің инвестициясы үшін Қазақстан негізгі елге айналды».
Екі елдің өкілдері пікір алмасқаннан кейін, қос тарап қол қойылған құжаттармен алмасты. Алдағы уақытта мұнай-химия, сауда және қаржы бағыттары бойынша меморандумдарға қол қойылмақ.
Айта кетейін, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Араб Әмірліктеріне сапары екі күнге жалғасады. Тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл-Нахаянмен екіжақты кездесу өткізгеннен кейін әмірліктердің бизнес өкілдерімен кездесу жоспарланған».