Солтүстік Қазақстандағы Айыртау ауданының тұрғындары жерсіз қалуы мүмкін. Осыған дейін пайларын беріп, егін егіп келген шаруашылық қарызға белшесінен батып, жер мен мүлкі саудаға шығарылған. 5 ауылдың тұрғындары осыған дейін тиісті үлесін там-тұмдап қана алып келген болса, енді мүлдем егін мен жайылымсыз қаламыз ба деп қауіптеніп отыр. Осыған байланысты аудан басшығы мен тиісті мекемелердің шара қолдануын сұрап аудандық әкімдікке жиналды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
“Содан кейін мына мелкий шакалдардан бастау керек. Ренжімеңіздер енді солай айтуға придется. Бұл сөздердің барлығы қарапайым халықтың айқайы емес, ашынған халықтың жан-айқайы”.
Бұл Солтүстік Қазақстандағы Айыртау ауданы тұрғындарының жанайқайы. Мәселе мынадан басталған. Кәсіпкер Айыртау ауданындағы Бірлестік, Дәуқара, Егіндікөл, Қарақамыс, Светоле ауылдарының жерін алып егін еккен. Ісін алға бастыру үшін Аграрлық несие корпорациясынан 750 миллион теңгеден астам несие алыпты. Бірақ, белгісіз себептермен іс жүрмеген екен. Қазір үкіметке де халыққа да қарыз. Ал, ауыл тұрғындары бүгін-ертең жер аукционға қойылса, не істерлерін білмей дал.
ЖАҚСЫЛЫҚ ЫСҚАҚОВ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
“Жерден айырылсақ не болдық біз? Қазақ айтады ғой жерімнен айырылсам малымнан айырылғаным, малымнан айырылсам жанымнан айырылғаным деп. Біз малмен жан баққан қазақпыз. Сондықтан, ертең жерімізді басқа біреу алып кететін болса, банк сататын болса біз ештеңеге ие болмаймыз”.
Саудаға шығарылған жердің аумағы 40 739 гектар. Оның 29 мыңы егістік болса, қалғаны жайылым. Жалпы аумақтың 30 мың гектарға жуығы үлескерлердің шаруашылыққа пайдалануға берген жері. Бүгін, ауыл тұрғындары пайдан пайда көрмедік, енді өзімізге тиесілі жерден айырылып қалмасақ деп отыр.
ЕШМҰҚАН БАЙДУЛЛИН АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
“Инвестор келеді, қарапайым халық келеді, обещать етеді, е жарайды жақсы болды деп қол қояды. Жер сату деген қайдан шыққан? Мүлкін сатсын, тракторын сатсын, жерді неге сатады? Қайдан шыққан дүние ол?”
СӘРСЕНБАЙ СЕРДАЛИН АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:
“Жұмыс жоқ, енді мына жерді алғаннан кейін малын да баға алмайды. Малға егер шамалап болса да жем-шөп бермесе қалай ұстайды малды?”
Аудан басшылығы бұл бәріне ортақ мәселе екенін айтып халықты тыныштандыруға тырысты. Шаруашылық басшысы жазған шағымның нәтижесі бойынша сот сауданы тоқтату туралы шешім шығарды.
ЕДРЕС ЖАНАПИН, АЙЫРТАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
“Төлей алмаған. Сосын үкіметтің ақшасы ғой, аграрлық несие корпорациясыныкі, олар сотқа шағымданып, сот аукционға қою туралы шешім шығарған. Біз қазір бұл мәселені шешіп жатырмыз. Бұл жеке компания, бизнес қой. Біз бизнеске араласа алмаймыз. Олардың келісім шарттары да дұрыс болмаған. Бүгін тоқтайды. Сосын прокуратура, сот арқылы шешеміз”.
Тұрғындардың ендігі тілегі, шаруашылыққа жергілікті адамдар басшылық етсе дейді. Өйткені инвестор боп келген адам, алдымен өз қамын ойлап, ауылдардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға күш жұмсамайды, дейді.