Дәрігерлер уақытты созбағанда, қос баламыз аман қалар еді. Екі бірдей ұлынан айырылған шымкенттік ерлі-зайыптылар журналистерге сұхбат беріп, ақ халаттылардың әрекетіне шағымданды. Бұған дейін тұтас бір отбасының неден уланғаны туралы түрлі болжамдар айтылып келді. Мәпелеп отырған перзенттерінне аяқ астына айырылып қалып, қан жұтып отырған ата-ана оның біразын жоққа шығарып, кейбіріне күмән келтірді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Шым шаһарды ғана емес, бүкіл елді елең еткізген жайт осы үйде болған. Бірнеше күн бұрын ғана мында екі ұл мен бір қызы бар қарапайым отбасы болатын. Шаңырағы опырылған қазір. 4 жастағы Аңсар, 11 айлық Мирас енді жоқ. Алғашқыда бүкіл отбасы әлденеден уланып, дәрігерлерге жүгінген еді. Қай астан кесір болғанын отағасы да дөп басып айта алмай отыр. Газдан уланбағанымыз анық дейді. АРТЫҚ ТАСБОЛАТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ «Екеуміз де қатты жақсы көретінбіз. Солардан үміт күтіп, ер азамат болып өссе екен деп солардан жақсылық күтіп отырған адамдар едік. Пельмен деп айтқанымыз соңғы асымыз. Тергеуші соңғы асыңыз не болды деп сұраған соң, пельмен деп айттық. Оны да білмейміз. Ешкімге қара жауып не еткім келмейді». Қабырғасы қайысқан ата-ана асқа емес, дәрігерлерге өкпелі. Бірінші мәрте келген жедел жәрдем бүкіл отбасы мүшелерінің лоқсып, құсып жатқанын көрсе де, әрекет қылуға құлық танытпады дейді. Тек біреуіңді әкетеміз, не бәрің қалыңдарға салған көрінеді. АРАЙЛЫМ БОТАЕВА: «Қызым әлсіз болып тұрғаннан кейін жаздым. Мен өйткені екі баламды тастап кете алмаймын ғой, құсып, әлсізденіп жатқан балаларымды тастап мен қызыммен кете алмадым. Сіз балаларымды алып кет деп айтқан жоқсыз ба? Балаларым ше дедім мен. Сол кезде әкете алмаймын деді ме? Неге өйтті? Маған только бір адамға вызов түсті деді». Үйдегілердің жағдайы одан сайын нашарлаған соң, екінші мәрте жедел жәрдем шақырылған. Бұл жолы үш баласын жетектеп ана кетті, әкесі өз көлігімен алдымен жұқпалы аурулар, кейін токсикология ауруханасына беттеген. Жайсыз хабар сол кезде келіпті. АРТЫҚ ТАСБОЛАТОВ: «Қалай айтатынымды білмеймін деп қасындағы біреуге берді. Айтып түсіндірші деді. Әкесі болсаңыз, ер адамсыз, бекем болыңыз, үлкен ұлыңыз жүріп кетті деді. Сұрап не қылғанымызда, Мирас па деді. Иә, 11 айлық па, иә. Ол да жаңа жүріп кетті деді. Қолымыздан келгеннің бәрін істедік, бірақ жүріп кетті деді». АРАЙЛЫМ БОТАЕВА: «Прям мына жерімде жатып балам уже демала алмай қалды ғой. Мұздай болып, демалмай
қалды. Мына жерімдей қойнымда жатып кетіп қалды». Тұшпараны сатқан дүкенге беттедік. Ондағылар камерадан қашып әлек. Бірі күдікті партияны әкетті дейді, енді бірі ешкім келген жоқ дейді. «Айтсайшы әп кетті ғой пачкасын. Құрсыншы, оларға отчет беретін…». Соңғы байламды сараптаманың нәтижесі шығарып берер. Оны Денсаулық сақтау министрі де күтіп жүр. ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ: «Әлі анықталған жоқ. токсикологиялық экспертиза жасалды. Содан кейін белгілі болады». Камера алдында қайғы жұтқан ата-ана өздерін барынша ұстамды көрсеткенімен, өксігі тұншығып жатқаны айтпаса да түсінікті. Ұлдары асыр салып ойнаған ойыншықтарын да бір бұрышқа жинастырып қойған. Олармен ойнайтын Аңсар да, Мирас та жоқ бірақ.