СОТТАЛҒАНДАРҒА ЖҰМЫС ҰСЫНЫЛДЫ

Темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқан 500 азамат алдағы уақытта тұрақты жұмыспен қамтылады. Жалақысы да аз емес, орта есеппен 80 мың теңгеден жоғары. Бірақ, мұндай мүмкіндік барлығына бірдей берілмейді. Тек, абайсызда қылмыс жасаған, жаза мерзімі аяқталуға жақын азаматтарға ұсынылмақ. Тіптен, осы санаттағы сотталғандарға арнайы қызметкерлердің бақылауымен қалаға барып жұмыс істеу бақыты бұйырып тұр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Елордадағы дәл осы қауіпсіздігі барынша төмендетілген түзеу мекемесінде 362 адам жазасын өтеп жатыр. Олардың басым бөлігі абайсызда қылмыс жасағандар. Бүгінде колониядағы сотталғандардың барлығы дерлік жұмыспен қамтылған. 22 гектар аумақта емін-еркін жүріп-тұра алады. Енді, өмірде шалыс қадам жасағандар үшін қалаға шығып жұмыс істеуге мүмкіндік туып тұр.

БАУЫРЖАН ДӘУЛЕНОВ, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:
«Июннің 19-ы күні осы учрежденияға келдік. 15 күннен кейін сразу жұмысқа шықтық. Осында қарапайым жұмысшы, разнорабочий болып жұмыс істеп жатырмыз. Моральный, материальный ущерб дейді сол искыны төлеп жатырмыз. Қалғанын үйге жіберіп отырамыз. Айлығым 45 мың теңге, ең минимальный зарплата».
ТАТЬЯНА, ЖАЗАСЫН ӨТЕУШІ:
«Мен осы түзеу мекемесінде 2019 жылдың қазанынан бері жазамды өтеп келемін. Жасым 67-де. Зейнеткермін. Мұнда келе салысымен, «Сотталғандарды еңбекке тарту» мекемесінің қызметкерлері жұмыс ұсынды. Еден жуушы болып ақша тауып жүрмін. Жазамның екі жылықалды, мерзімінен бұрын бостандыққа шығудан үміттімін».

Қылмыстық атқару жүйесі өкілдерінің айтуынша, сотталғандарды осындай жалақысы жақсы жұмысқа тарту арқылы, қоғамға қайта оралуға көмек беруге болады екен. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда бір ғана Нұр-Сұлтан қаласында пробациялық есепте тұрғандар арасында қылмыс 30 %-ке кеміген.

ЕРНАТ АҚЫЛЖАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚЫЛМЫСТЫҚ АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:
«Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің есебінде бүгінгі таңда 5 мың сотталған есепте тұр. Оның ішінде 2600 пробация қызметінің есебінде, 1400 сотталған мен қамаудағылар түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Түзеу мекемелерінде 85% сотталған жұмыспен қамтылды. Пробация қызметінде есепте тұрғандардың 90% жұмыспен қамтылды. Соның нәтижесінде пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандар тарапынан қылмыс 30% азайды».

Бүгінгі өткен жиынға қаладағы оннан астам компания өкілдері қатысты. Жұмыс берушілер жазасын өтеп шыққандарға қазірден бастап екі қолға бір күрек тауып беруге дайын. Кәсіпкерлер қоғамнан бөлініп қалғандарды бостандыққа шыққаннан кейін де уақытылы жалақы мен жататын орындармен қамтамасыз етпек.

АЙБОЛАТ ЕСЕНТЕМІРОВ, «АТАМЕКЕН» ҰКП ӘЛЕУМЕТТІК СҰРАҚТАР БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Бүгінгі шараға 10-нан астам компания қатысып жатыр. Оларға газоэлектр дәнекерлеуші, темір ұстасы, құрылысшы сынды мамандар қажет. 500-ден астам орын бар. Айлығы шамамен 80 мың теңгеден басталады. Тегін бір реттік тамақ пен жатын орын тауып беруге дайын».

Кез-келген жазасын өтеуші, түзеу мекемесінен мерзімінен бұрын босап шығуда армандайтынын ескерсек, колония сыртында ұсынылып отырған жұмыс отбасымен тезірек қауышуға мүмкіндік бермек.

Первый канал Евразия

Комментарий (0)
Добавить комментарий