Түркістан облысында да көлік иелері жолды ақылы етуге қарсы

31 мамырда таңнан бері Түркістан қаласының маңы Сауран ауданы аумағындағы Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық транзиттік автожолының жиегіне ондаған жүк көлігін қойған жүзден аса жүргізуші жолдың ақылы болуына қарсылық танытып, наразылық білдірді.

Бұл туралы жүргізушілердің өздері Азаттыққа хабарласып, мән-жайды баяндады.

Жиналғандардың бірі Сұлтан Жүсіповтің айтуынша, жолдың сапасы нашар, ақысы қымбат. Мысалы, Түркістаннан Ақтөбеге дейін барып қайтатын болса, жүк көлігіне шамамен 60 мың теңге салық төлетуі мүмкін.

— Жүргізуші сонда кімге жұмыс істейді? Мемлекетке ме әлде өз қалтасына ма? Жол сапасыз. Қыс кезінде, жауын-шашын болғанда жол жиегіне тоқтау мүмкін емес. Ойдым-ойдым жер көп. Әуелі жолды жасасын, сосын талап етсін. Кей жолда 200-400 шақырым жерде телефон байланысы болмайды. Бұл масқара ғой, — дейді ол.

Наразылардың жол бойында тұрғанына жеті сағаттан асқан. Олардың тарауын сұрап аудан әкімдігі мен «Қазавтожолдың» өкілдері келген. Бірақ жиналған жүргізушілер тарқамаған.

Жүргізушілердің Азаттыққа жіберген видеосында «Қазавтожол» өкілі Талғат Берденовтің наразыларға сөйлеп жатқаны көрінеді. Ол жол сапасыздығын алға тартқан жүргізушілер уәжімен келісетінін, бұл мәселе талқыланып жатқанын жеткізді. Ал жүргізушілер «талаптарымыз орындалмаса, жолды жабамыз» деп ескертті. Видеодан полицияның наразылықты сырттай бақылап тұрғаны да байқалады.

30 мамырдан бастап Қазақстанның бірнеше аймағында жүргізушілер жолдың ақылы болуына наразылық білдіріп жатыр. 17 мамырда «Қазавтожол» ұлттық компаниясы маусымнан бастап Қазақстан бойынша жалпы ұзындығы 5,8 мың шақырым болатын 18 жол бөлігінің ақылы болатынын хабарлаған.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий