Түркістан облысында шенеуніктердің кесірінен бүкіл ауыл ауыз судан қағылды. Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде екі тәуліктен бері су жоқ. Аудан әкімдігіне қарасты сумен қамтамасыз ету мекемесі электр жарығын тарату компаниясына алдында қарызға белшесінен батқан. Сөйтіп, қыстың көзі қырауда мың шақты абонентті тіршілік нәрінен айырып отыр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Оразкүл Жұмахаева үшінші топтағы мүгедек. Соған қарамастан, көрші көшедегі ауылдасынан су тасып жүр. Себебі соңғы екі тәуліктен бері бүкіл «Бадам» ауылында су жоқ. Жұрт қажетті тіршілік нәрін дүкеннен сатып алуға мәжбүр. Осыны жақсы білетін пысықай сатушылар тауардың да бағасын көтеріп жіберген көрінеді. Амал жоқ, қанша болса да сатып алуға не болмаса, тасып ішуге тура келеді, дейді.
ОРАЗКҮЛ ЖҰМАХАЕВА, БАДАМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: “Ыдыс жууымыз керек. Шәй-тамақ істеуіміз керек. Бұл не деген мұмдық. Қарыз дейді. Біз қалай қарыз боламыз ол судан. Халықтың бәрі төлеп жатыр. Мысалға біз ай сайын контролер келеді, ай сайын қолына ұстатып жібереміз ақшасы. Кей уақытта артығымен де төлейтін кездеріміз болады”.
«Бадам» ауылы Шымкенттің дәл іргесінде жатыр. Осыдан оншақты жыл бұрын әрбір үйге құбыр тартылып, таза су жеткізілген-тін. Ара-тұра су болмай қалғанда, жұрт есік алдындағы ескі құдықтың суына тәуелді болады. Оның өзін таза деп айтуға ауыз келмейді. Тек, тұндырып, сүзгіден өткізіп ішу қажет.
Ауыз судың неліктен тоқтатылғанын жұрт нақты білмейді. Естіп-білгеніміз аудандық сумен қамтамасыз етуші мекеме электр жарығына 14 млн теңге қарыз екен. Берешегін дер кезінде өндіріп ала алмаған соң, монополист компания су мұнарасын жарықтан ажыратып тастапты. Енді соның зардабын қарапайым халық тартып отыр.
АВГАТ САДЫҚОВ, БАДАМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: “Бір адам келіп, жағдайымызды сұрап жатқан жоқ. Суды қайдан алып жатырсыңдар деп. Звандасаңыз ешкім телефонын алмайды”.
АННА ЛЫСЕНКО, БАДАМ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: “Біз кеше күні бойы суды сатып іштік. 5 литрлік ыдыстағы судың әрқайсысын 200 теңгеден 350 теңгеге алдық. Менің үйімде науқас әкем бар. Оған таза су қажет. Амалсыз сатып алуға тура келді”.
Дегенмен, сумен қамтамасыз етуші мекеме жақын күндері ауылға су береміз деп сендірді бізді. Өйткені, кешелі бері электр жарығын таратушы компаниямен әрең келісімге келіпті. Аудан әкімдігі тарапынан кепіл хат та ұсынылған. Соған сәйкес, қарызды ақпанның 10-на дейін төлеп құтылу қажет. Ал, жарықты бүгін кешке дейін қостыруға уәде берді.
ЕРБОЛ БАЙМЫРЗА, АУДАНДЫҚ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУШІ МЕКЕМЕНІҢ УЧАСКЕ БАСШЫСЫ: “Енді білгенімді айтып тұрмын ғой. Қашан судың қосылатынын өзіңіз біліп тұрған жоқсыз ғой. Енді дело техники ғой. Қазір, олар ақшасын аударуға амал қылып жатыр. Құдай қаласа қосып береміз”.
Жалпы, Бадам ауылында мыңғы жуық абонент бар. Барлығы ай сайынғы ауыз суды тұтынғаны үшін төлем жүргізген. Тіпті, биылғы жылдың қаңтары айына да ақшасын төлеп қойғандар бар. Соған қарамастан, олар сусыз отыр.