ТАЛДЫҚОРҒАНДЫҚ МАЛ ДӘРІГЕРІ МАЛ АУРУЫН ТАМЫР ҰСТАП АНЫҚТАЙДЫ

Талдықорғандық мал дәрігері төрт түліктің дертін тамыр ұстап, анықтайды. Иә, қағыс естіген жоқсыз! Малдың тамыры арқылы диагноз қойып, ауруынан айықтырады. Осындай тылсым қасиетке ие Сындар Кәлімханның тілсіз мақұлықтарды емдеп жүргеніне 20 жылдан асыпты. Тіпті, Қытайда жүргенде мал дәрігері мамандығын оқып алған екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. «Бір жеті болды қарынға таяға жерінде жара ма, жоқ, боқ кептеліп қалған ба, бірдеңе бар». Адам тамырын ұстап, диагноз қоятын емшілерді естіп те жүрміз, көріп те жүрміз. Ал, малдың тамыры арқылы ауруын анықтап, аяққа тұрғызыпты дегенге илану қиын. Бірақ, Сындар Кәлімханның көмегіне жүгініп, малын емдеткендер оның тылсым күшке ие екеніне күмәнсіз сенеді. ЕРҒАНАТ БІЛӘЛ, БАҚТАШЫ: «Тамырын ұстады да, басынан айтты ғой бір апта болды ауырғанына деп. Рас, ауырғаны бір апта. Бұл кісіге енді мен 2 жыл болды мал баққаныма. Сол екі жылда жылқы ауырады. Келеді, емдейді. Аяғына тұрғызады. Оған енді, сенуге болады, бұл кісіге». СЫНДАР КӘЛІМХАН, МАЛ ДӘРІГЕРІ: «Бастапқыда келгенде, елдің бәрі сенбейді. Мен мысалы біреудің жылқысын құлап жатқан жеріне бардым, шақырды. Тамырын ұстадым да, мынауыңыз мал болмайды. Қарайып кеткен бір өкпесі десем, сен оны қайдан білесің? Ол не емес шығар дейді. Жарайды. Қазір өлгеннен кейін сойып көріңіз. Бір жақ өкпесі қарайып кеткен дедім. Айтқандай, мен кеткеннен кейін 10-15 минуттан кейін жылқы өлген. Сойып көрген. Қарайып кеткен». Ол сондай-ақ, сынған сүйекті орнына сап, үзілген сіңірге ота жасайды екен. Аусыл, шешек ауруларын да емдеп жазыпты. Сондықтан, сын сағатта Сындарды іздеп келетіндер көп. МҰРАТБЕК БАЯНБАЙ, ШАРУАШЫЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ: «Айғырымыз жақында ауырып, осыны қазір емдеттік. Сол өкпесіне суық тиген деді, тамырын ұстап, Емдеткеннен кейін сразу жөтелі басылды. Емдеген малдары точно тұрады да аяқтан. Сондықтан, бұл кісіге сенеміз біз. Жақсы емдейді. Диагнозын қояды». Сындар Кәлімхан осыдан 10 жыл бұрын Қытайдың Толы ауданынан көшіп келген. Сол жерде мал дәрігері мамандығын оқып, бітіріпті. Алғашында, үйіндегі ірі қарасы ауырғасын, соның тамырын ұстап, бауыры сырқаттанғанын білген. Кейін дәрі-дәрмегін егіп, аз күнде аяққа тұрғызады. Осылайша, бойында ерекше қасиет барын сезген. Бірақ, ауруды қалай анықтайтынын өзі де айтып жеткізе алмайды. СЫНДАР КӘЛІМХАН, МАЛ ДӘРІГЕРІ: «Саусақтың ұшы мен мидың түйсігімен ғана білем. Одан артық сізге ашып та, жарып та айта алмаймын. Тамыр бассам, мынаның қай жері ауру, қай жері сауын бір білемін. Кейін де өзім түсінбей қалам». Адамның тамырын ұстап та, ауруын сезетінін айтады. Алайда, біреуге бойында дерт бар екен айтуға жүрегі дауаламайтын секілді. СЫНДАР КӘЛІМХАН, МАЛ ДӘРІГЕРІ: «Адамның тамыры мен жылқының тамыры бірдей болады. Ішкі құрылысы да бірдей болады. Адамға диагноз қоймаймын мен. Жылқыға, малға ғана қойып беремін болды».

Шынында да ол өз бойында тылсым күш бар екенін түйсігімен ғана түсінеді. Сондықтан, малдың ауруын анықтап бергеніне ақы да сұрмайды. Құдайдың дарытқан қасиетін саудаламаймын, — дейді. Осылайша, қазіргідей дамыған заманда білікті мамандардың шамасы жетпейтін кейбір сырқатты Сындар Кәлімхан емдеп жүр.

Первый канал Евразия

Комментарий (0)
Добавить комментарий