ТЕРГЕУШІЛЕР: САТҚЫНДЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛДЫҚ!

«Бюджеттің миллиардтарын қайтарып, қылмыскерлермен қызу күрессек те сатқындықтың құрбаны болдық!». Экономикалық тергеу қызметінің бұрынғы офицерлері ашумен айтқан сөздері осы. Құқық қорғаушы ретінде зейнетке шығарғанымен, зейнетақы төлеуге келгенде мемлекет сараңдық танытып отыр, дейді. Осымен екінші жыл әділдік іздеп жүрген топ бүгін Президентке үндеу жолдап, базынасын тағы айтты. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Қаржы министрлігі ғимаратының алдына бір топ адам зейнетақысын талап ете келген. Бұрын тергеуші болғанын анық көрсету үшін күннің суығына қарамай, сырт киімдерін шешіп, погондарын көрсетіп жатыр.

«Зейнетақымызды қайтарыңдар!» деген ұранды ту еткендердің барлығы кезінде кеденші болып, кейін экономикалық тергеу қызметіне ауысыпты. Құқық қорғаушы ретінде жасы жақындап, жұмыстан шығып қалған. Бірақ зейнетақымызды екінші жыл ала алмай келеміз, дейді.

ҚАЙРАТ МЕЙРЕМХАНОВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БҰРЫНҒЫ ОФИЦЕРІ:
«17-ші жылы Алматы облысы бойынша бірінші орын алдым как оперативный сотрудник. Бірінші орын. В итоге я как бы правоохранитель, по показателям первое место занял. Но меня все равно уволили без ничего. И мне обидно вот это».

Әрқайсымыз кезінде бюджет қаржысын қорып, миллиардтардың жоғалуына тосқауыл болсақ та, қазір ешкімге керексіз қалдық,- деп налиды. Мәселені бұған дейін бірнеше мәрте көтерген топ бұл жолы Президентке үндеу жолдады.

НҰРМҰМАЕТ ӘУБӘКІРОВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БҰРЫНҒЫ ОФИЦЕРІ:
«Сатқындық пен мазаққа тап болдық. Төзімнің де шегі бар. Біз Үкіметтен экономикалық тергеу қызметі офицерлерінің бұзылған Конституциялық құқықтарын қалпына келтіруді, біздің зейнетақымызға қатысты мәселені Президен әкімшілігінің басшысы өзінің бақылауына алуын талап етеміз. 15-ші желтоқсанға дейін қаралуын қалаймыз».

Осы мәселеге байланысты Қаржы министрлігіне сауал жолдаған болатынбыз. Әзірге жауап алмадық. 5 ай бұрын министр есеп бергенде мәселені арнайы комиссия құрып, қараймыз деген еді. Қараша келсе де, экс-офицерлер әлі де даулап жүр. Демек, мардымды жауап берілмеген секілді. Сол кездегі бас қаржыгердің есебі де дауға түрткі болып отыр.

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:
«Егер олар басқа құқық қорғау органдарында қызмет істеп, экономикалық тергеу мекемесіне көшсе, зейнетақы алу құқына ие болар еді. Ал кеден саласында жұмыс істегендер қатардағы азамат секілді зейнет жасына дейін еңбектенуі керек. Заң солай. Егер кеденшілерге тергеушілердей төлесек, 5 000 адам үшін 10 млрд теңге кетеді. Бірақ бұл кісілердің талабын ескере отырып, ведомствоаралық комиссия құрамыз».

СӘБИТ ҚАЛИЕВ, ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТЕРГЕУ ҚЫЗМЕТІНІҢ БҰРЫНҒЫ ОФИЦЕРІ:
«10 млрд теңге қаржы керек деп сылтауратады. Бұл барлық 5 000 кеден қызметкері үшін кететін шығын. Біз болсақ небары 80 адамбыз. Бізге бар болғаны 250 млн теңге кетеді».

Бұл жолы әр аймақтан, бір-екі өкілден жиналған екен. Үндеуде айталған талап орындалмаса, барлық отбасы мүшелерімізбен жиналып, наразылық білдіруге мәжбүр боламыз, дейді бұрынғы тергеушілер.

Первый канал Евразия

Комментарий (0)
Добавить комментарий