Шавкат Мирзияев. Фото: НТВ
Соған қарамастан ала тақиялы ағайындардың президенті осы қысқа мерзімде біршама тірлік тындырып жатқан сыңайлы. Бұл жөнінде бізге Қазақстанға қыдырып келген сол елдің азаматы Данабек Қожатаев айтып берді деп жазады Замана басылымы.
— Мен ұзақ жылдар құқық қорғау саласында қызмет атқарып, қазір еңбек демалысына шықтым. Соған қарамастан елдің тірлігіне араласып тұрамын. Жиындардан қалған емеспін. Жоғарыдан қандай басшы келсе де кездесулерге шақырады. Қазақстанға келгеніме үш-ақ күн болды. Содан бері қайда барсам да қоятын сұрақтары президентіміз Шавкат Мирзиёевтің төңірегінен әрі асқан емес. Шындықты айтсам, ол жақтағы қандастардың жағдайы қалай дегеннен бұрын «Президенттеріңіз не тындырып жатыр?», «Каримов өлгенде жылағандар жаңа президентті қалай қабылдады?» – деп сұрайды.
Менің мынаған көзім жетті. Бұл дүниеде мәңгілік ештеңе жоқ деген рас екен. Қураған шөптің орнына да жаңасы шығады емес пе? Рас, өзбекстандықтар Ислам Каримов өлгенде жылады, себебі ол өзбек халқы үшін қыруар жұмыс жасап кетті.
Бірақ Аллаға шүкір, Шавкат Миромонұлы қысқа мерзімде өзінің керемет реформатор екенін дәлелдеді. Ол бұған дейін де он жылдан аса үкіметті басқарғанын білесіздер. Сол кезде де қатал деп естуші едік. Үкімет басшысының қатал екендігіне көзіміз қазір жетіп отыр.
Мирзиёев премьер-министр болып сайланғанда өзбек телерадио басқармасының басшысын шақырып алып, мені көрсетсең қызметтен кетесің деген екен. Халықаралық кездесулерде болмаса, содан бері оны экраннан көрмеген едік. Президент міндетін уақытша атқарған кезде кейбіреулер танымай да қалды. Өзі сондай қарапайым адам. Әрине, үкіметті басқарып отырғанда елдегі бірінші тұлғаға қарады, соның саясатын жүргізді. Сондықтан бұл өзін көрсеткен емес.
Шавкат Миромонұлы президент болғалы министрлер мен әкімдер мәре-сәре болып жүр. Президент жұмыстан түнгі сағат 2-де кетіп, таңертеңгісін 7-де қайтып келеді екен. Сенбі, жексенбіде облыстарды аралап кетеді. Аймақ басшыларын ауыстыруды да сол күндері жүзеге асырады.
Президентіміз әкімдер мен министрліктерге кедейшілікті жойыңдар деген талап қойып отыр. Сол үшін әрбір үйдің есігінің алдында бұзаулы сиыры, ештеңесі жоқ отбасының ауласында 100 тауық болсын деп жергілікті басшыларға тапсырма берді. Оны алу үшін жеңілдетілген несие беруде. Ауылдарда бос тұрған, құлаған үйлер көп еді, соларды трактормен тегістетті. Ұлтшылдықтың алдын алуды да құзырлы органдарға қатаң тапсырды.
Өзі тынымсыз екен. Демалу дегенді білмейді. Содан соң көбіне әкімдер белгілеген кестемен жүрмейді. Жүрсе де келе жатып кез келген көшемен бұрылып кете береді. Бір жерлерге барғанда көліктен түсіп, жаяу жүреді. Бір қуыстардағы үйлдерге кіріп, отбасы мүшелерімен әңгімелеседі. Олардан жағдайларының қалай екенін сұрайды.
Қанша жалақы алып отырғандарын, тіпті қазанның түбі неге күйе екенін де сұраған кездері бар. Күзетінен мыңнан аса адамды қысқартып тастады. Аз уақытта өзінің нағыз халықшыл адам екенін дәлелдеді. Мұндай адамды қалай мақтасаң да жарасады ғой.
Жаһандану дәуірінде көрші мемлекеттермен тығыз байланыс орнату керектігін түсінді. Сол мақсатта тиісті министрліктерге тапсырма берді. Сөзінің айғағы болса керек, Қазақстан мен Өзбекстан арасында көлік қатынасы қайта қалпына келетін болды. Басқа да елдермен виза мәселесі шешілуде. Жалпы, бағыт дұрыс. Президентіміз күн санап халық қолдауына ие болуда, — дейді Данабек Қожатаев.