Елімізде еңбек дауы өршіп тұр. Нақтырақ айтқанда, 1,4 миллиард теңге! Еліміздегі кәсіпорындар жұмысшыларға осыншама сома айлық төлемеген. Жалақысымен бір отбасын асырап отырған қарапайым маманды жылдар бойы зар жылатқандар, мемлекетке де бой берер емес. Кәсіпорындар неге қарызға белшесінен батуда? Әлде банкрот қолдан жасала ма? Ал, төленбеген айлықты қалай өндіріп алуға болады? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Ақтөбедегі Тұңғыш президент саяғаның күзетшісі Қуаныш Қарасартовқа жалақы көрмегелі көп болған. Ол бұл қиындыққа өзі жұмыс істейтін компанияны кінәлайды. Қаланың қақ ортасындағы демалыс орнына жауапты мердігер міндетін дұрыс атқармаған соң әкімдік онымен келісімді үзген. Салдарынан 32 маман айлықтан қағылып, амалсыз ақысыз демалысқа кеткен.
ҚУАНЫШ ҚАРАСАРТОВ, САЯБАҚ КҮЗЕТШІСІ:
«Қаланың қақ ортасында тұрған парк, Президенттің паркі деген атағы бар, ал жұмысшылары айлығымзды ала алмай жүрміз».
Еліміздегі негізгі күнкөріс көзінсіз қиналғандар жайын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов үкіметте айтты. Оған сенсек, жұмыс берушілер еңбек азаматына 1,5 миллиард теңгеге жуық жалақы төлмеген.
БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
«Қазіргі таңда ол 1,4 млрд теңгені құрады. Берешектің басым бөлігі Нұр-Сұлтан және Алматы, сондай-ақ Ақтөбе облысына тиесілі. Жыл басынан берешекке жол берген басшыларына 1200 ұйғарым беріліп, 136 миллион теңгеге айыппұл салынған болатын».
Сенатор Нұрлан Бекназаров қордаланған берешек бір күнде емес, жылдар бойы жиналған, дейді. Депутат еңбек кодексі мен заңнан еш олқылық көрмейді, көбіне азаматтардың ай сайынғы ақшасын ала алмауына салғырттық себеп екендігін айтады.
НҰРЛАН БЕКНАЗАРОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:
«Біздің қоғамда қалыптасқан дәстүр бар. Кейбіреулер ресми түрде келісімшартқа отырмай келеді. Қазір жұмыс беруші мен жұмыскер арасында келісімшарт болуы керек. Бір жағы қорғалады, барлығы көрсетілуі керек, одан кейін әлеуметтік қорғау жағы да қамтылуы тиісті. Заң жағынан қазіргі талаптарға сай, ешқандай мін жоқ».
Қорғаушы Абзал Бекбосынов еңбек нарығындағы шикілікке ұрынбас үшін азаматтарға біріншіден, заңды жақсылап оқуға кеңес береді. Сонан соң ол мейлі туысқан, не жеке қолға, одан қалды мемлекеттік қызметке тұрарда еңбекшартын түзіп,онда жазылға ұсақ-түйіктің бәріне мән беру керек деген кеңес айтады.
АБЗАЛ БЕКБОСЫНОВ, ҚОРҒАУШЫ:
«Келісімшарт жасасқан кезде мұқият оқып, келісімшарттың бір данасы жұмыскердің жанында болу керек. Ертеңгі күні осындай жағдай болғанда, сотқа жүгініп, құқығын қорғауға. Бізде көбісі оны оқымайды, дұрыс таныспайды. »
Жауапты министрліктің мәліметінше, елімізде 6 миллион 700 мың жұмысқа жарамды азамат бар. Мамандар ел тұрғындарына жалақысыз қалған жағдайда басшылыққа, одан қайыр болмаса, әкімдік жанындағы еңбек инспекциясына жүгінуді сұрайды. Олар 15 күнде жауап беруі тиісті. Жалпы, елімізде мемлекеттік қызметте айлық уақытында төленбесе — 60 айлық есептік көрсеткіш, шағын кәсіпорын мен коммерциялық емес ұйымдарға 100, ірі кәсіпорынға 150 айлық айыппұл қарастырылған.