Өзіме алимент, балаларыма әке керек емес! Соңғы кездері жалғызбасты аналар күйеуінің көмегінен бас тартып, ұл-қызын өз атына жаздыруды әдетке айналдырған. Бұған қаракөздеріміздің айтар уәжі де бар. Жарымен дәм-тұзы жараспаған нәзік жандардың мұндай шешіміне не себеп? Бұл тенденцияның соңы неге алып келуі мүмкін? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды. Алимент талап етпейміз! Қазіргі таңдағы кейбір жалғызбасты аналардың ұстанымы осындай. Олар дәм-тұзы жараспаған балаларының әкесінен бір теңге алмақ түгілі, әкелік құқығынан айырып тастауды жөн көреді екен. Оның өзіндік себебі бар… РАШИДА ЕСТЕКБАЕВА, ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНА: «Мен алимент алмаймын. Баламды әкесінің атына жаздырмадым. Өйткені, болашақта баламның әкесімен қандай да бір байланысы болғанын қаламаймын. Қазір әкесі алимент төлеп, қартайған шағында қызымнан талап етіп жүргені керек емес. Сол себепті де алимент алмаймын». Мамандар мұндай тенденцияның пайда болуын әйелдің қай салада болмасын еркекпен тең құқықты болуға ұмтылуымен байланыстырады. Яғни, гендерлік саясат сахнаға шыққан заманда есесін жібергісі келмейді. Осылайша жалғызбасты аналардың көбі келешекте ешкімге тәуелді болмай, өзін еркін сезініп, дербес өмір сүргісі келеді. РАМАЗАН САТТАРҰЛЫ, ӘЛЕУМЕТТАНУШЫ: «Біз неден бұған тап болып отырмыз? Біз айырылысқаннан кейінгі болатын жағдай ғой. Демек, айырылысуға жеткізбейтіндей бір жағдай жасап, ұл мен қыздың тәрбиесінде болашақ отбасын құруда, ондағы бір қауіп-қатерлерден төзе білуге, қиын-қыстаудан дұрыстап шыға білуді біз үйретпейміз балаларға. Есесіне, бірінші бір осындай қысылтаяң кезде екеуі екі жаққа бет бұрып кете береді. Оның ар жағында мына жағдай: бір- бірімізге қарыз болмайық, тәуелді болмайық деген сияқты». Бұл мәселеге қатысты халықтың пайымы қандай? «Алимент деген нәрсе вообще негізі қажеті жоқ. Ер адам түсінетін болса, жауапты болу керек бала-шағаға. «Енді ол алиментті не үшін төлетеді?. Жаңа бала қиналып өспесін деп төлетеді. Енді ол әркімнің өз еркі ғой. Біреу отказ береді, біреу талап етеді». «Көп себеп ақша ғой қазір. Содан шығады ғой». Заңгердің айтуынша, жұбайымен сөзі жараспай, айырылысқан еркектердің 15-20 пайызы ғана өз еркімен алимент төлейді екен. Ешқандай мәжбүрлеусіз. Ал қалғандары сот шешімімен, сот орындаушылардың күшімен ғана қарыздарын өтейді екен. РҮСТЕМ СМАҒҰЛОВ, ЗАҢГЕР: «Менің естуімше, көптеген ата-аналар алимент төлемеген әкелерін ата-ана құқығынан айырып жатады. Ол ертең баласы кәмелетке толған уақытта алимент төлемеген әкесі баласынан алимент талап етпес үшін. Бірақ, ол міндетті түрде емес, өйткені әкесінің алимент төлеуі оның ертең алимент сұрауын талап-арызын қанағаттандыруын тек қана сол талап арыз емес. Өйткені ол алимент төлесе де, бірақ тәрбиесінде еш көмегі болмаса, ешқандай басқа көмек атқармаса онда сот шешімі қанағаттандырмауы мүмкін. Ата-анасының талап арызын». Әйелі мен күйеуінің, баласы мен әкесінің арасында ақша тұрған уақыт болды қазір. Бірақ,
көптеген ата-ана балаға ақша емес, қамқорлық пен мейірім керек екенін түсіне алмай келеді. Өмір алма-кезек уақытта баланың да қарт әкесіне қамқор болуы екі талай емес пе?».