Елімізде жұмыссыз жастар саны көбейіп барады. Дәл қазіргі уақытта 85 мыңға жуық қыз-жігіт үйінде бос отыр. Бұл ресми статистика. Дер шағында жастардың екі қолға бір күрек таппай отыруына не себеп? Мамандар не айтты? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Елімізде 15 пен 28 жас аралығындағы жастар жұмыссыз жүр. Дипломын қажетіне жарата алмай сенделгендердің саны былтыр 84,7 мыңға жетіпті. Сөйтіп, оның алдындағы жылға қарағанда 3 мыңға көбейген. Екі қолға бір күрек таппай жүргендердің дені қала жастары. Мамандар мұның себебі көп дейді. Соның негізгісі — жастардың көбі жалақысы аз жұмысты істегісі келмейді екен.
НҰРЛАН ИСЕКЕЕВ, «НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
«Бас тартатын кездері әрине болады ғой. Өйткені, жастардың еңбекақысы қанағаттандырмайды. 70 мың теңгені азсынады. Жастарды түсінуге де болады. Тәжірибе болмағаннан кейін, мекемеге барғаннан кейін оларға үлкен көп көлемде жалақы ешкім бере қоймайды ғой».
Жұмыссыз жігіттер мен бойжеткендердің дені Алматы мен Алматы облысында. Мәселег, Алматы қаласында 17 мыңға жуық жұмыссыз жас болса, Алматы облысында 9 мыңдай. Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында 7 мыңнан астам жас маманның тұрақты кәсібі жоқ. Ал, Нұр Сұлтанда олардың саны 6 мыңға жеткен.
Алматы қаласында — 16,8 мың адам
Алматы облысында — 8,9 мың адам
Түркістан облысында — 7,3 мың адам
Шығыс Қазақстан облысында — 7,1 мың адам
Нұр Сұлтан қаласында — 6 мың адам.
Қоғам белсендісі жоғары білімі бола тұра сергелдеңге түскен жастардың көбеюіне жұмыс орындарының жетіспеушілігі де әсер етуде дейді. Өндіріс орындары қағаз жүзінде ашылып жатқанымен, жұмыс істеп жатқандары шамалы көрінеді. Оның үстіне тамыр-таныстыққа бой алдыру тағы бар.
ҚУАНДЫҚ ШАМАҚАЙҰЛЫ, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:
«Әсіресе, 18 бен 28 жас аралығында жастардың жұмыссыз болуы елдің дамуына үлкен кедергі келтіретін мәселе. Жастар жұмыс іздеп сандалып, жұмыс таппағандар шет елге кетіп жатыр. Оңтүстік Кореяға кетіп жатқандар бар. Өзге де Еуропа елдеріне кетіп жатқандар бар. Оның бәрі ешқандай жұмыс талғап, еңбек талғап жатқан жоқ. Күнкөрістің тетігі табылса болды деген жағдаймен жүр».
2019 жылдың үшінші тоқсанында елімізде 15-28 жас аралығындағы 31 мыңнан астам адам диплом алыпты. Ал, аяқталмаған жоғарғы білімі бар жұмыссыз жастар 4 мыңның үстінде. Жұмыссыз жастардың көп бөлігін орта, бастапқы және жалпы кәсіптік білімі барлар құрайды екен.
ГРАФИКА:
Жоғарғы білімі бар жастар — 31,4 мың адам
Аяқталмаған жоғарғы білімі бар жастар — 4,1 мың адам
Орта кәсіптік білімі бар — 33,6 адам.
Бастапқы кәсіптік білімі бар — 2,4 пайызды
Жалпы орта білімі бар — 14,4 пайыз адам бар
Сонда жұмысқа орналасу проблемасы неден туындайды? Жұрттың пікірін тыңдайық.
«Жақсы жұмысқа орналасу оңай емес».
« Жоооқ, өте қиын. Жұмысқа тұру жеңіл болса, жалақысы жаман».
«Жұмыс жоқ қой, табу өте қиын».
«Өздері балалар талпыну керек қой енді жұмыс істеймін деп».
«мне кажется это зависит от молодежи»
2019 елімізде «Жастар жылы» деп жарияланып, әкім-қаралар біраз шаруа тыдырдық деп есеп берген еді. Алайда, жастардың мәселесі қағаз жүзінде керемет шешілсе же, іс жүзінде әлі де қордаланған мәселелердің шаш етектен дейді мамандар.