Филип Будейкин. Фото: Stuki-Druki.com
Алғашында Ресей аймақтарында кеңінен таралып, жасөспірімдердің өзіне қол жұмсауына себеп болған атышулы ойын соңғы кездері Қазақстанда да жайыла бастаған.
Әлеуметтік желідегі бұл жағдайды алғаш болып журналистер көтеріп, адам шошырлық статистиканы келтірді. Сондай-ақ, олар өз-өзіне қол жұмсаған балалардың туыстарымен тілдесе келе желідегі сұмдықтың бетін ашты. Ғаламторда 12-16 жас аралығындағы жеткіншектерді саналы түрде өз-өзіне қол жұмсауға ашық итермелейтін топтардың бүтін бір жүйесі анықталған.
Оның басты әкімшісі «Филипп Лис» аккаунтымен тіркелген Филипп Будейкин есімді жігіт өткен жылдың 15 қарашасында Мәскеу облысында 2 айға ұсталды.
Бүгінгі таңда ресейлік сот оның қатысуымен кәмелеттік жасқа толмаған 15 баланың өз-өзіне қол жұмсағанын анықтаған. Психологиялық-лингвистикалық сараптама да желіде жазылған хат мәтіндерінен сиуцидке итермелейтін мәліметтерді айқындапты.
Ал, балаларды өлімге апаратын ойынға кіргізіп, түрлі тапсырмалар арқылы олардың психологиясын улаған Будейкин бұл ойынды жүргізуді әлі де тоқтатпайтынын айтып отыр. Сонымен қатар, ол жазғыз емес екенін, оның жанында тағы бірнеше сыбайластары барын жеткізді.
«Мен әлі жаспын. Бастаған ісімді әрмен қарай жалғастыра беремін. Көптеген жеткіншектерге менің көмегім керек», — дейді ол Ресей басылымдарының біріне берген сұхбатында.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Қазақстанда өлімге апаратын ойынның алғашқы құрбандары белгілі болғанын хабарлаған едік.