Арбаға таңылған алматылық бес уақыт намазын қаза қылмай, қызметі мен отбасын қатар алып жүр
Балтабай Сұлтанов
Балтабай Сұлтанов мүгедектігіне қарамастан бес уақыт намазының өзін мешітте оқуға ұмтылатын әрі қашан көрсең достарын айналасына үйіріп алып, уағыз айтып жүреді. Islam.kz сайты жаратылысы ерекше жаннан сұхбат алды.
«Ол жүрген жерде Алланың еске алынбауы мүмкін емес. Ал Құранға деген ықыласы тіпті ерекше. Күнделікті жоспарында Құранға орын болғаннан кейін, оны екі айда бір хатым етеді. Ал Рамазанда жатақхананың аядай бір бөлмесінде тұрса да бұл үйде міндетті түрде ауызашар болады. Алдыңнан жүгіріп шығатын екі қызы мақтанышпен өзің әлі жаттап үлгермеген сүрелерді жарыса айтқанда сүйсінбей көр!», — деп жазады сұхбаттасқан тілші Марфуға Шапиян.
Үш бала тәрбиелеп, қызметін істеп, бес уақыт намазын қаза қылмайтын азамат спортпен айналысуды да ұмытпайды екен.
«Алғаш 2013 жылы Алматыда өткен ІІ марафонға қатыстым. Марафон болғалы жатқанын естігеннен кейін бірден қатысу туралы ой келді. Мақсатым жүлделі орын алу немесе көзге түсу емес, жастарға мотивация беру еді. Пайғамбарымыздың (с.а.у.): “Адамдар екі нәрсенің қадірін білмейді, денсаулықтың және уақыттың” дегені бар еді ғой. Соны негізге ала отырып, адамдар арбаға таңылған маған қарап, денсаулықтарының қадірін білсе, сәл де болса ойланса, өз мүмкіндіктерін түсінсе, ештеңге қарамастан алға ұмтылса деген ниетім болды. Марафонға биыл екінші мәрте қатысып отырмын. Екеуінде де 10 шақырымға «жүгіріп», финишке жеттім. Биылғысы ұйымдастырылуы жағынан өте жоғары деңгейде өтті. Арбамен жоғары қарай жүру қиындау екені белгілі. Ондайда өзге қатысушылар демеп, артымнан итеріп, көмектесіп жіберіп отырды. Осы жылы алғашқы елуліктің ішінде келгенімді мақтанышпен айта аламын», — дейді Балтабай мырза.
Мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамастан, азамат үнемі шүкіршілік айтып отыратынын айтады: «Жалпы, жанның саулығы деген бар да, тәннің саулығы деген бар. Құдайға шүкір, физикалық тұрғыдан денім сау болмаса да, рухани тұрғыдан өзімді сау адаммын деп есептеймін. Және соған мың да бір шүкіршілік айтамын».
Балтабай Сұлтанов туабітті ауруға шалдықпағанын, шамамен үш жасында науқасқа ұшырағанын айтып қалды.
«Екпеден түскен ауыр вирусты жүйке жүйесі көтере алмаса керек, аяғымның буындары ұстамайтын болып қалады. Ата-анам, туыстарымның айтуына қарағанда, оған дейін құлдыраңдап жүгіріп жүрген бала болыппын. Шамамен бес-алты жасымда балдақпен жүріп үйрендім. Бірінші сыныпқа 8 жасымда бардым», — дейді ол.
Тоғызды бітіргеннен кейін Балтабай Шымкенттегі заң колледжіне оқуға түсіпті. Колледжді бітірген жылы отбасын құрды. Бір жылдан кейін Қазақ ұлттық ұниверситетінің заң факультетінің бакалаврын оқыды.
«Ал магистратураға екі жыл қатарынан тапсырып түсе алмай, тек үшінші жылы бағым жанды. Ақылы оқуға жағдайымның келмесі белгілі, грантқа түскім келді. Ағылшыншаны оқып, дайындалып үшінші жылы түсіп, оны да бітіріп алдым. Магистратураға дейінгі екі жылды да бос өткізген жоқпын. Заң компанияларына барып заңгерлік қызмет еттім», — дейді білім алудың қызығы мен шыжығы туралы бұл азамат.
Жұбайы Жұлдызбен көңіл жарастырғаны туралы ол: «Мен заң колледжінде оқығанда, Жұлдыз медколледжде оқитын. Екеуміз бір жатақханада тұрдық. Сонда жүріп таныстық. Үш жыл бойы бір-бірімізді жете таныдық. Көрісіп, білістік. Ол қыз үнемі менің жағдайымды жасап, бөлмемді жинап, тамағымды дайындап, киімімді жуып беретін. Бітіргеннен кейін сөз салып, отбасын құрмақ ниетімді білдірдім», — дейді.
«Бұл қыз маған тұрмысқа шыға ма? Келісімін бере ме?» деген секілді қорқыныштар болмады ма?», — деген сауалға Балтабай:
«Шынымды айтсам, Марфуға, мен өзімнің мүгедектігім, жүре алмайтыным туралы аз ойлайтынмын. Адам өзін шектей берсе, шектеліп қалады ғой. Ал мен өзімді шектемейтінмін. Қандай жағдай болмасын алға ұмтылуға тырысатынмын. Мектепте жүргенде «20 жасымда отбасын құрамын» дейтінмін. Сол ниетім, мақсатым 20 жасымда орындалды. Өзім 1987 жылғымын, 2007 жылы үйлендім. Алла тағала ниетіңе қарай береді екен ғой», — деп жауап берді.
Балтабай намазды толыққанды университетте жүргенде, 2-курста бастағанын айтты.
«Жатақханамызға Нұр-мүбәрак мешіті жақын, сонда барып тұрдым. Достарыммен бірге ораза тұтып, арбаммен тарауихқа барып жүрдім», — дейді.
«Мүгедек болсам да, намаз, құлшылық еш қиындық тудырмайды. Намазымызды оқысақ, құлшылығымызды арттырсақ өміріміздегі қалған дүниенің бәрі өз-өзінен реттеле береді екен», — дегенге сенімді Балтабай.
Балтабай жұмыс орнында, күнделікті жүріп-тұру оңайға соқпайтынын жасырмады. Жұбайы Жұлдыздың айтуынша, құлап, киімі жыртылатын кездер де болыпты.
Дегенмен бәріне шүкіршілік ететін азамат: «Сыртымнан қараған адамдар аяп қарайды. Баспалдаққа шықсаң да, түссең де сырттан қарағанда қиналып жүргендей көрінеді ғой. Енді оңай емесі анық. Дені сау адамның өзі бірнеше қабатқа көтерілгеннен шаршайды ғой. Бірақ Құдайдың құдіреті, бұл өміріме ешқашан шағынбақ емеспін. Қайта күш-қуат беріп, ары-бері жүріп-тұруыма мүмкіндік беріп қойғаны үшін Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын. Менен де жағдайы қиын адамдар бар. Көздері ғана қимылдап, орнынан тұра алмай жатқан мүгедектер бар. Олардың жанында менің жағдайым әлдеқайда жақсы емес пе?! Үйім салынып, балалы-шағалы боп жатырмын. Осының барлығы Алланың нығметі емей немене?!», — дейді.
Отбасылық жағдайы туралы жұбайы Жұлдыз: «Тұңғышымыз Мөлдір дүниеге келгенде олардың бақыттан бастары айналды. Күйеуім мен енемді осыншалық бақытты етемін деп ойламаппын», — деп бөлісті.
Дегенмен Қожа руынан шыққан келіншектің туыстары әлі күнге дейін “Қараға кеттің, қараның ішіндегі мүгедегіне кеттің” деп бетіне басып отырады екен.
Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған отбасы қазір төртінші сәбиін күтіп жүр. Отбасы құрғаннан кейін жастарға Шамалғаннан жер бұйырып, туыс, жора-жолдастың көмегімен үй де көтеріп үлгеріпті.
newstaraz.kz