Астанадағы «Қараөткел» қорымы қараусыз қалған
«Қараөткел» зиратындағы Кенесары сарбаздарына қойылған құлпытастағы жазу бүгінде өше бастапты.
Астанадағы «Қараөткел» қорымы қараусыз қалған. Республикалық маңызы бар 100 киелі нысанның қатарына енген мола осы күні бұзақылар мен нашарқорлардың түнейтін аумағына айналыпты. Шөбі белден асып, қурауға шақ. Ал жергілікті әкімдік бұл іске араласа алмай отыр, деп жазады Алматы телеарнасы.
«Кенесарының осы Ақмола бекінісін, «Қараөткелді» қоршағаны рас. Бірақ жерленді ма, жоқ па белгісіз. 1922 жылы ас берілген осы жерде Кенесары мен Наурызбайға арнап», — деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев.
«Біз үшін бұл тарихи орын. Осы жерде болғаны анық. Жатқан сарбаздары бар деген белгі. Оны зиялы қауым насихаттап жүр. Мемлекеттік тараптан жер қорғалады. Ел баратын қаланың киелі жері, тағзым етуге баратын жер», — деді «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғали.
«Бұл жер үлкен қамқорлықты қажет етеді. Қазір Үкімет мойындады. Мұнда қасиетті кісілер жатыр. Қаржы мәселесі шешілмей жатыр, Үкімет таза ұстау керек, шөбі орылып, өрт болмау үшін. Кенесары сарбаздарына келгендерге көрініс, жағдай жасайтындай жоспарлар құрып жатқан жігіттер бар, соны іске асыру керек», — деді шырақшы Құрбан Смағұлұлы.
«Оған қарайтын мекеме әлі анықталған жоқ. Ол бойынша әкімдік тарапынан жұмыс жасалып жатыр. Келесі жылдары қаржы бөлініп, штат жиналып, сыпырушы, күзетші бөлінеді деген үміттеміз», — деді «Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету жөніндегі дирекция» МКҚК директоры Самат Тергембаев.