Балаларын өзбекше оқытуға мәжбүр Тәжікстан қазақтары Қазақстанға оралмақшы
Тәжікстанның оңтүстігіндегі Хатлон облысы, Жиликул ауданының Эсоқул деген ауылында алты жүз адамның басын құрайтын этностық қазақтар тату-тәтті тұрып жатыр.
Олардың ендігі армандары тарихи отандарына – Қазақстанға оралу болып отыр.
Бұл туралы «Азия-Плюс» дерегіне сүйенген ras.kz хабарлады.
Тәжік жеріндегі қазақтардың мұнда тұрып жатқандарына жүз жылға жуық уақыт өтсе де, олар баяғы тұрмыс салттарын сол қалпында дерлік сақтап қалған. Олардың сол мезгілдегіден бар айырмашылығы сірә, қазір бұрынғысынша киіз үйлерде тұра қоймайтындары ғана шығар деп жазады басылым.
Тәжікстанға қазақтардың алдыңғы легі кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдарда келе бастаған. Соның өзінде олардың осында тұрақтап қалуларының әртүрлі себептері болған. Біреулері оқу немесе жұмыс іздеп келіп, үйлі-жайлы болып, қалып қойған. Тағы біреулері жер аудару жолымен келген. Ал Эсоқул қишлоғына қоныс тепкендердің ақсақалы Қожамқұл Нұрматовтың ата-бабалары большевиктерден қашып, қора-қора малдарымен Ауғанстан асып бара жатқандарында әріқарай жете алмай, осы жерде қалып қойған.
«Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында әкем Қызылорда облысынан Ауғанстанға қарай бет түзепті. Тәжікстанда оны кеңес өкіметінің өкілдері ұстап алып, барлық малын колхозға тартып алған. Сол замандарда мұнда жол салынып жатыпты да, түйелері тасымал көлігі ретінде құрылысқа жегіліпті. Әкем осы жерде түйелерімен бірге қара жұмысшы есебінде қалдырылған», — дейді Қожамқұл Нұрматов.
Қария жол құрылысында 20 жыл жұмыс істейді. Ол кезде Даңғара ауданында тұрады. Тек бертінде ғана өздеріне жақын жердегі Жиликул ауданында жер аударылып келген қазақтар тұратынын естіп, осылай қарай көшіп келеді.
«Ауданда алуан түрлі ұлттардың өкілдері тұрады екен. Олар орыс, тәжік, өзбек, қазақ, неміс, шешен, украин, түрікмен сияқты 16 ұлттың өкілін құрады. Бірақ 80-ші жылдары солардың көбі басқа жақтарға кете бастады. Мәселен, бүгінде біз тұратын қишлақта бұрынғы жер ауып келген қазақтардың ұрпақтарынан ешкім қалған жоқ. Мұндағы қандастарымыздың бәрі – менің әкемнің ұрпақтары, біз түгел туыспыз біздің балаларымыз өзбек мектебінде оқиды. Басқа мектеп жоқ. Ең соңғы қазақ мектебі кеңес кезеңінде жабылды. Бұл – біздің үлкен қасіретіміз. Біз қазір өзіміз үшін қалайда қазақ тілінде оқытатын мектеп ашуды талап етпейміз. Оның орнына тәжікше оқытатын мектеп болса дейміз. Әйтпесе, ертең біздің балаларымыз қайда барып күн көреді? Олар – Тәжікстанда тұратын қазақтар, сөйте тұра білімді өзбек мектебінен алады бұл қалай?», — дейді ақсақал.
Міне осы мәселе Эсоқул тұрғындарын енді туған Қазақстанынан кетуге мәжбүр еткелі тұр. Осы ретте Қожамқұл Нұрматов бірнеше рет тарихи отанына барып, Орал және Қостанай өңірлерін көріп қайтқан.
«Бірақ ол жақтар суық екен. Оралмандардың көші-қон бағдарламасына сәйкес бөлінетін жер де аз – бар болғаны 10 сотық, сонда біз малымызды қалай бағамыз, оларды қалай көбейтеміз?», – дейді ақсақал.
Эсоқулдағы Нұрматовтардың орасан зор әулеті қазір бақуатты тұрады. Олардың жүзден астам ірі қара малдары, отар-отар қойлары, үлкен бақшалық жерлері бар.
«Бұрын біз мұнда лимон да, жүзім де өсіретін едік. Бірақ Эсоқулда жиырма жылдан бері су жоқ. Суды Вахш өзенінен тасуға тура келеді. Ал оған дейін 17 шақырым жер бар. Біз қазір бұған да үйрендік. Суды водовозбен тасып әкеп, цистерналарды толтырып аламыз. Былтырдан бері маңайға қытайлар келіп, мақта еге бастады. Енді олардың су әкелетіндері сөзсіз», — дейді қария.
Дегенмен, Эсоқулда бұл суды Нұрматовтардың тек жасы үлкендері ғана күтіп жүрген сияқты. Жастар болса елге қайтқылары келіп, қатты құлшынып отыр. Олардың біразы бүгінде Қазақстан жоғары оқу орындарында білім алып жатқан көрінеді. Ата-аналары оларға сол жақта қалып қоюды тапсырып жүргенге ұқсайды.
«Мен болсам Тәжікстанды жақсы көремін, себебі бұл жер – менің туған мекенім осында отбасын құрып, бала-шаға өсірдім, жергілікті тұрғындармен ешуақытта жанжалға барып көрген жоқпыз. Біздің үйіміз көршілеріміздің бәріне – мейлі ол тәжік, мейлі өзбек болсын бәріне қашанда ашық. Бірақ мектептің жоқтығы маған маза бермейді. Сондықтан біз қариялар осында өлсек те, жастардың тарихи отандарынан мекен тапқандарын қалап отырмыз», — деді ақсақал өз сөзінде.
Эсоқул қишлоғының қазақтары малсақ жандар ретінде де жұртқа белгілі екен. Былайға тұрғындар бұл ауылды түйе өсіретіндігімен де жақсы таниды екен. Себебі маңайдағы тәжіктер мен өзбектер елді мекендерінде түйе деген атымен жоқ. Қазақтар сондай-ақ жылқы малына айрықша үйірсектігімен де елге танылып қалған сияқты.
newstaraz.kz