Экстрасенс Бақыт Жұматова: 2018-жылы жын-жыбырлар мен қара магия күшіне мінеді
90-шы жылдарда бір етік алу үшін адамдар бір қойын, сиырын бере салатын. Дәл сол жағдай қайталануы мүмкін.
Енді санаулы күнде жаңа, 2018-жылды қарсы аламыз. Ендеше, Ит жылында елімізде қандай оқиғалар орын алуы мүмкін? Жалпы, қарапайым халық неге қамдануы, ал неден сақтануы тиіс? «Битва экстрасенсов» халықаралық байқауының финалисі Бақыт Жұматоваға өз болжамын берді, деп жазады Замана газеті.
– Бақыт ханым, алдағы жылға жасаған болжамдарыңызбен бөліссеңіз. Жалпы, бұл жыл қазақ халқы үшін қандай болмақ?
– Шынымды айтсам, 2015-жылдан бері БАҚ өкілдеріне сұхбат бермей жүр едім. «Замана» газетінен хабарласып тұрғасын қуана-қуана келісім беріп отырмын. Жаңа жыл Сіздерге жаңа табыс әкелсін!
Ал енді келесі жылдың қандай боларына келсек, жалпы, жыл жақсы, берекеге, молшылыққа толы болады. Десек те еліміздің басым бөлігінде, елімізде ғана емес, басқа да мемлекеттерде су тасқыны жиі жүруі мүмкін. Қазақстанның таулы аймақтарының бірінде жер сілкінісі орын алады. Осы бастан оған дайындық жасау керек.
Ақтау, Шымкент және Қызылорда қалалары әлеуметтік тұрғыдан өсіп-өркендейді. Шаруашылық саласы жақсы дамиды, әсіресе мал өсіруде жақсы жетістіктерге жетеді, мал басы көбейеді.
Жаңатас қаласына да ерекше тоқтала кеткен жөн. Ол жерде кен орны бар. Сол бағыт бойынша айтарлықтай дамиды. Өсім байқалады.
– Ал экономикалық жағдайымыз жөнінде не айтасыз?
– 2018-жылы АҚШ-та соғыс болады. Сол себепті доллардың бағасы құлдырайды. Рубльдің дәурені жүрмек, біздің де тауар айналымымыз рубльдің бағамымен байланысты болмақ. Сәйкесінше, біздің мемлекеттің Ресеймен сауда-экономикалық, саяси қарым-қатынасы одан ары нығая түседі.
Алдағы жылы елімізге шетелден келетін адамдардың қатары күрт көбейеді. Украина, Грекия елдерінен біздің елде жұмыс істегісі келетіндер көп. Жаңа айтып өткенімдей, біраз мемлекетті су басу қаупі бар. Жағдайлары нашарлағасын осы елдерден біздің елге бас сауғалап келеді.
Осы ретте айта кетейін, кезінде Қарағанды облысында авиазауыт ашылатын болып, оның соңы сиырқұйымшақтанып, дауға айналып кетіп еді ғой. Сол кәсіптің 2018-жылы жандануы ықтимал. Шет елден небір ғалымдар, атап айтқанда, Сербия, АҚШ, Англия елдерінен мамандар келіп, ұшақ зауыты іске қосылады.
Ал енді өзіміздің «Байқоңыр» ғарыш айлағы жөнінде: Ресейден басқа тағы бір мемлекет біздің «Байқоңырға» көз тігіп отыр. Бірақ олармен келісімге келудің соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан аса сақ болу керек.
– Билік басында қандай да бір ауыс-түйіс орын ала ма? Қалай ойлайсыз?
– Билік басында әйелдердің қатары көбейеді. Қазіргі министрлердің біразы, әсіресе Экономика министрі ауысады. Жасыратын несі бар, кейбір мәселелерді шешуде шетелдік саясаткерлердің көмегіне жүгінетін боламыз.
Алдағы жылы елімізге шеттен келетіндердің қатары көбейеді дедім ғой. Соған сәйкес шекара мәселесін мықтап қолға алу керек. Мынау тұрған Қырғызстан, Өзбекстан секілді көрші елдер жарылқайды, олардан келер қауіп жоқ деп қиялдай бермеген дұрыс.
– Қарапайым халық жаңа жылда таршылық көрмес үшін қандай кеңес берер едіңіз?
– Заман өзгеріп келеді, яғни барлық нәрсені тек ақша шешпейтінін түсінуіміз керек. Жұрт денсаулықтарына да аса көңіл бөлуі қажет. Қазіргі дәрі-дәрмектерден пайда жоқ, емдік шөптерді тұтынуды бастасын. Егін егетін диқандар көкөніс өсіруге ден қойса жақсы.
Есіңізде ме, баяғыда, 90-шы жылдарда бір етік алу үшін адамдар бір қойын, сиырын бере салатын. Дәл сол жағдай қайталануы мүмкін. Яғни барлық нәрсе қымбаттайды. Қарапайым халықтың көп нәрсеге қолы жетпейтін болады. Осыған орай мен қолда барды үнемдеп, күтіп ұстауға кеңес беремін.
Ит жылы – жастар жылы. Өнерлі, талантты жастар көптеп шығады. Дұрысы, балалардың неге қызығушылығы бар, соған бейімдеу керек. Тәрбиесіне жіті көңіл бөлген жөн.
2018-жылы жын-жыбырлар, қара магия күшіне мінеді. Сондықтан имандылыққа бет бұру керек. Алланы таныңыздар, өздеріңізге күш-қуат тілеңіздер.
Имандылық дегеннен шығады, Тараз қаласында келер жылы қылмыстық оқиға жиі орын алады. Жастар арасында ұрлық-қарлық көптеп жасалады. Ұлттық қауіпсіздік қызметі, ішкі істер департаменті осы нәрсені назарда ұстаса деймін.
– Әңгімеңіздің көпшілікке пайдасы тиері анық. Сізге рахмет!
Сұхбаттасқан: С. Кенжалиева
newstaraz.kz