Мәжілістің ең жас депутаты сауалдарын тек қазақ тілінде жолдауға уәде етті
Парламент мәжілісінің ең жас депутаты Геннадий Шиповских қазақтың тіліне жанашырлығымен есте қалды.
Небәрі 26 жасында халық қалаулысы атанған азамат депутаттық сауалдарын тек қазақ тілінде жолдауға уәде етті деп жазады Қазақстан Заман басылымы.
«Мен бұрын да айтқанмын, тағы да айтамын, депутаттық сауалды тек қазақша жолдаймын, керек адам аудармашы арқылы (құлаққа салатын арнайы құрылғымен) аударып тыңдай жатар. Бұған бас қатырғым келмейді. Мен тіл мәселесін көтеруде жалғыз болмаймын деп ойлаймын. Бақытбек Смағұл, Нұртай Сәбильянов, Бекболат Тілеухан секілді көптеген азаматтар мәжіліс төрінде үнемі қазақ тіліне басымдық беріп жүр ғой. Бұл тұрғыда менің айтарым Ахмет Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған елдің өзі жоғалады» деген сөзімен сарындас. Қазақ халқын ұйытып, ынтымағын арттырып отырған — қасиетті ана тілі! Оны сол ортада өсіп, жете түсінген мен айтпағанда кім айтады?», — дейді жас депутат.
Сонымен бірге халық қалаулысы сұхбатқа шақырған телеарналарға қояр басты талабы — мемлекеттік тіл екенін де баса айтты.
«Сұхбатқа шақырған телеарналарға қояр басты талабым — мемлекеттік тіл. Сауалға сол тілде ғана жауап беруге дайынмын деп ескертемін. Бұл жерде өзімнің ана тілім — орыс тілін аяққа жығып беріп отырғам жоқ, керісінше, орыстардың да қазақша сөйлей алатынын, сол тілде ойланып-толғануға олардың да шама-шарқының жететінін көрсету. Өзге қандастарыма үлгі болу. Қазақтың тілінің өркендеуіне өзімше үлес қосу. Қазақтың даласында туып, сол жерді басып жүргеннен кейін, барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді білуге міндетті! «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген сөз бар қазақта. Тіл мәселесі, шындап кетсек, ар-ұяттың өлшемі ғой! Дәл қазақтай мейірбан, қонақжай, ақылды, момын халық жер бетінде өте аз. Өзім соны қатты сезінемін. Жетімдіктің тақсіретін тартқанда маңдайымнан сипаған қазақ ұлтына қарыздармын. Сонда қазақ ұлтының бір қажетіне жараймын деп ант еткенмін. Қазір сол ұстанымды серік етіп келемін. Елбасының өзі халыққа Жолдауында 2020 жылға қарай барша қазақстандықтар қазақ тілінде сөйлейтін болады деген ой айтты. Оған да санаулы жыл қалды. Сондықтан тіл мәселесінде талапты күшейтіп, елбасына қолдау көрсетуді азаматтық парызым деп ұғынамын», — деп қорытындылады Геннадий Шиповских.
Айта кетейік, Геннадий Шиповских Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында елбасы алдында мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілінің қадір-қасиетін танытып, оны құрметтеуге шақырып, елдің ризашылығына бөленген болатын. Қазақтың тілін мақал-мәтелмен өрнектеп, астарлап сөйлеуге деген шеберлігі жас депутаттың мерейін өсіргендей көрінеді.