Әрбір сөзі «хитке» айналатын Шымкент әкімінің екі жылда ел есінде қалған 10 әрекеті
Ғабидолла Әбдірахымов. Фото: YouTube
19 тамызда, еліміздегі ең сымбатты әкімдердің рейтингінде көш бастаған Ғабидолла Әбдірахымовтың басшылық қызметке келгеніне тура екі жыл толып отыр. Тағайындалған күнінен бастап «Шымкентті келген адам кеткісі келмейтіндей етем» деген шенеуніктің танымалдылығы неде? Осы ретте NUR.KZ порталы әрбір сөзі «хитке» айналып кете беретін әкімнің екі жыл ішінде ел есінде қалған 10 әрекетін назарларыңызға ұсынады.
1. «Шымкент Лас-Вегастан да күшті қала болады»
Тағайындала салысымен қаладағы құрылыс нысандарын аралап шыққан Әбдірахымовтың Қазнеттегі дебюттік жұлдызы Т.Рысқұлов көшесі бойындағы жерүсті өткелінің жұмысымен танысу барысында жарқ ете қалды. «Шымкент Лас-Вегастан да асып түседі» деген ол түрлі әлеуметтік желілерде кеңінен талқылана бастады.
2. «Қаржы жетпесе, өз қалтамнан болса да шешіп беремін»
Шымкент әкімі халықпен кездесулердің бірінде қолы ашық басшы екенін байқатып қалды. Яғни, бағдаршам мәселесін көтерген халық мұңын тыңдаған ол «Қаржы жетпесе, өз қалтамнан болса да шешіп беремін» деп жұртшылықты таң қалдырды.
Әрине, халық проблемасы бұдан соң оң шешімін тапты. Бірақ «Әбдірахымов өз қалтасынан қаржы шығарыпты» дегенді естімедік. Айтпақшы, дәл осы кездесуде қала мэрі халыққа берген уәдесін орындай алмаса, командасымен бірге жұмыстан кететінін ресми мәлімдеді.
3. «Дерзкий» әкім қалай атанды?
Тағайындалғанына үш ай уақыт өтер-өтпес облыс басшысы мен депутаттар алдында қаланың бес жылдық даму концепциясын ұсынған Әбдірахымов алып жобасына күмән келтірген депутатқа тура отбасының «кенжесі» секілді «Мен кішкентай бала емеспін» деп жобалары ешқандай ертегі еместігін айтып, жауап қатты.
Осы жағдайдан соң Шымкент басшысы көпшілік арасында «дерзкий әкім» деген атқа ие болды.
4.«Мужик сказал, мужик сделал»
Бұл қала әкімінің өзі емес, тұрғындардың басшыға берген бағасы. Тарқатып айтар болсақ, кезекті жиындардың бірінде Шымкенттегі көпқабатты үйлердің бірінің егде жастағы тұрғындары жеделсатының (лифт) жоқтығынан төменге түсіп-шығу қиындық туғызып жүргенін жеткізген болатын.
Арада көп уақыт өтпей, лифт іске қосылды. Қуанған халық «Мужик сказал, мужик сделал» деп әкімге алғыстарын жаудырған-ды.
5. «Өздеріңді «крутоймын» деп ойлайсыңдар ма?»
Жұмыс барысында балаларға деген ерекше мейірімін байқатып жүретін Шымкент әкімі көшеде бала көріп қалса, дереу суретке түсе қалатынын да жұрт жақсы біледі.
Жаңа жылдық шаралардың бірінде бүлдіршіндерге «Сіздерді ешкім ренжітпейді. Біз оған жол бермейміз» деп мейірімділік танытса, мектеп оқушыларына «атаман» болатын заманның әлдеқашан өтіп кеткенін, «ботаниктердің» дәурені жүріп тұрғанын айтып, ата-анаға қамқор болу туралы кеңесін де берген.
6. «Олар «свиданиеге» қалай барады?»
Қоластында еңбек ететін қыз-келіншектерді төл мерекелерімен құттықтаған Әбдірахымов тағы да жұртты қыран-топан күлдірді. Бөлім басшыларынан мамандарды жұмыстан кешкі жетіде босатуларын сұраған ол отбасы құрмаған жастар түнге дейін жұмыста отырса, бір-бірімен таныса алмай қалады деп алаңдаушылық танытты.
«Әрбір адамның отбасы болуы керек, жанұясы жоқтар шаңырақ көтеруі қажет. Егер сағат түнгі он бірге дейін жұмыста отырса, олар «свиданиеге» қалай барады? Бір-бірін қалай көреді?», — деді шенеунік.
7. Велосипедке отырған Әбдірахымов
Әкімдік тізгінді ұстағанына бір жыл толған кезде шенеунік велосипедке отырып, қаланы аралаймын деп желіні тағы да шулатты. Орталық көшелердің бірінде жүрген оны әлдекімдер видеоға түсіріп, «Карасавчик, Ғабеке» деп мақтау сөзін айтып өткен сәтінің видеосын көрмеген қазақстандық саусақпен санаулы шығар.
Айтпақшы, Әбдірахымов алғаш велосипедке отырғанында қызметтік көліктен бас тартып, тек қыс ауасы мен жаңбырлы кезде ғана көлікке мінетінін уәде еткен еді. Бүгінгі таңда да шаһар басшысы жол талғамайтын «джип» автокөлігімен жүреді.
8. «Той-тоймалақтан аулақ жүремін»
Бұл туралы Ғабидолла Әбдірахымов жастармен өткен кездесуінде ағынан жарылды. Айтуынша, бір ел ағасы өзін арнайы іздеп келіп, ұлын қызметке тұрғызып беруін өтініпті. Өтінішті орындамаған соң әлгі кісі ренжіп, «енді сені тойыма шақырмаймын, көрмегенім сен болсын» деп есікті тарс жауып кетіп қалыпты.
«Мен өзім тойға барғанды ұнатпаймын. Той-томалақтан аулақ жүргім келеді. Онда барсаң, көптеген адамдар жеке басына қатысты мәселерді айтып, шешіп алуға тырысады. Мен мұндайға қарсымын», — деді әкім кездесу барысында.
Айтпақшы, дәл осы кездесуде шаһар басшысы қалада талантты жастарды қолдау орталығын ашқысы келетінін айтқан болатын. Одан бері 9 ай да өте шығыпты.
9. «Уақытша тіркеуді» 50-ақ секундта түсіндіріп берді
Естеріңізде болса, уақытша тіркеу мәселесі ел ішінде дүмпу туғызғаны белгілі. Оның мақсатын түсіне алмаған халық шулаған сәтте Әбдірахымов бұл мәселені бір минутқа жетер-жетпес уақыт ішінде жалпақ тілмен түсіндіріп берді. Айтуынша, қала бюджеті тек ресми тіркелген халыққа лайық бөлінеді.
«Статистика бойынша қалада 900 мың адам тұрады. Ал жан-жақтан келген халықты есептегенде тұрғын саны 1 млн 200 мың. Біз аурухана, автобус секілді қажеттіліктерге бюджетті қарағанда сол ресми тіркелгендерді есептейміз. Қалған 300 мың адам да сол аурухана мен автобусты пайдаланады. Уақытша тіркеу, міне, сол үшін қажет», — деді ол.
10. Студенттерге лекция оқыған жас әкім
Жұмысының қауырттығына қарамастан арасында студенттерге лекция оқуға да уақыт табатын Әбдірахымовты М.Әуезов атындағы ОҚМУ студенттерінің біразы кумирі ретінде санайды. Лектор еркін форматта өз тәжірибесімен бөлісіп, басшы болудың қыр-сырын студенттерге үйретті.
Айтпақшы, екі жыл ішінде Шымкентте 3 мың отбасы баспаналы болды. Сонымен қатар 8 балабақша салынып, 11 жаңа мектеп есігін айқара ашты. Қазнетті шулатудан шаршады ма, соңғы кезде Шымкент басшысы көзге көп көрінбей жүргенін айту керек.
Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлыққұқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.
newstaraz.kz