Сағадиев оқулық дауын шешу үшін Ішкі істер министрлігіне арызданған
Ерлан Сағадиев. Фото: top-news.kz
Еліміздің бас ұстазы тағы да басты назарда. Бұл жолы Ерлан Сағадиев Ішкі істер министрлігіне арызданған. Оған себеп — оқулық мазмұнына қатысты жалған ақпарлар. Астанада бұл туралы ғана сөз болған жоқ. Парламенттік тыңдауда орта білімдегі мәселелер кеңінен талқыға түсті.
Парламенттік тыңдаудың күн тәртібінде — жалпы орта білімнің жағдайы, проблемалары мен келешегі.
Жиын басталысымен Қасым-Жомарт Тоқаев отандық білім жүйесін сынға алды. Яғни, кемшіл тұстарын көрсетті.
«Мектептерде білім алу, әлі де болса нәтижеге тәуелді. Нағыз білім екінші кезекте қалып отыр. Негізгі екпін Ұлттық бірыңғай тестіні сәтті аяқтауға бөлінетіні жасырын емес. Әсіресе, бітіруші сыныптарда», — деді Парламент сенатының төрағасы.
Тоқаев оқулық мәселесіне де тоқталды. Айтуынша, авторлардың жіберген қателіктері сараптаманың жоқтығымен байланысты екен.
«Қоғам мен ата-аналардың арасында туындаған сұрақтар әділетті. Орыс тіліне қатысты соңғы дау қоғам арасында қызу талқыға түсті. Әрине, біз бұл саланың маманы емеспіз. Барлығын сараптама көрсетеді», — дейді сенат төрағасы.
Оқулыққа қатысты мәселелерді білім министрі де көтерді. Осы орайда Ішкі істер министрлігіне арызданғанын жеткізген білім министрі Ерлан Сағадиев жалған ақпарат таратып, елді дүрліктіргендерді табуды сұрап отыр.
Ведомостваның айтуынша, әлеуметтік желілерде бүгінге дейін оқулықтардағы қателіктер жарияланып жатыр екен. Осындай жалған ақпараттардың арасында, тіпті қазақстандық мектептерде «сексуалды тәрбие беру» пәні енгізілгені туралы айтылған.
«Біз мұндай ақпараттарға назар аудармауға тырысамыз. Бірақ бұл жолы ведомостваның заң департаменті бұған ұйымдасқан жұмыс деген баға беріп отыр. Ішкі істер министрлігімен ақылдасып, қылмыстық іс қозғауды немесе деректерді келтіру үшін арыздандық.
Олар біз ойлағаннан әлдеқайда көп. Сондықтан, кінәлілер табылады деген ойдамыз», — деді Ерлан Сағадиев.
Бұдан бөлек Білім министрі елімізде білім саласындағы енгізіліп жатқан үлкен реформаға байланысты өзінің пікірін білдірді. Оның көзқарасы «қалауын тапса, қар жанадыға» саяды.
newstaraz.kz