Василий Жиров ислам дінін қабылдағанына қарсы шыққандарға жауап берді
Василий Жиров. Фото: www.lipetskmedia.ru
Танымал спортшы барша адамдарды тек жақсы нәрсе айтуға болмаса мүлде үндемей жүруге шақырды.
Василий Жировтың Астанадағы мешіттердің біріне барып, намаз оқығаны қазақстандықтар арасында талқыға түскені боксшыны қайран қалдырған.
«Соңғы кездері менің ислам дінін қабылдауыма орай көптеген сұрақтар келіп жатыр. Мен таңғаламын, неге адамдарды бөтен біреудің жеке өмірі мен ішкі дүниесі қызықтырады? Мен боксшы, жаттықтырушы және қоғам қайраткерімін. Қоғам үшін де керегі осы.
Бірақ, басқалар секілді менің де жеке, өзіме ғана тиесілі дүниелерім бар. Мысалы, отбасым, балаларым, діни сенімім. Бұлардың барлығы көпшілікке мәлім болғанын қаламаймын. Мен өзімнің ішкі дүнием мен жеке өмірімді басқалардың талқылауына қарсымын», – дейді Жиров.
Сондай-ақ, «Балқаш жолбарысы» атымен танылған олимпиада чемпионы адамның жақсылығын айтқан сөздері емес, жасаған істері көрсететінін айтып өтті.
«Мен өзімнің ар-ожданым дұрыс деп білетін жолмен жүріп келемін. Иә, мешітке барып, намазға жығылдым, және сол үшін мені ертіп апарған досым Рустамға ризамын. Мені айналамдағылар сөздеріме емес, іс-әрекеттеріме орай қабылдағанын қалаймын.
Тек бір нәрсені сұраймын: Жақсылықты ғана айтыңыздар немесе үндемеңіздер. Жаратқан адамдардың жүрегіне иман берсін«, — деп түйіндеді сөзін боксшы.
Естеріңізге сала кетсек, Василий Жировтың ислам дінін қабылдағаны туралы ақпарат 26 маусым күні шыққан болатын.
newstaraz.kz