Жан жарынан айырылған танымал тележүргізуші қиындықтарды қалай жеңгенін айтты
Әсел Акбарова. Фото: ikerim.kz
Отандық танымал тележүргізуші Әсел Акбарова ikerim.kz сайтына сұхбат беріп, жеке өмірі туралы ағынан жарылды.
Тележүргізушіні Баян Есентаева ойнаудан бас тартқан «Гламур для дур» фильміне шақыртқан болатын. Осы орайда Акбарова өзін «Баян ханымға» ұқсататындарға жауап берді.
— Сізді көбіне «Баян ханымға еліктейді, сол кісіге ұқсайды» деп жатады. Жалпы бұл сізге қалай әсер етеді?
— Мен де соны түсінбеймін. Біріншіден, ұқсамаймыз. Баян Мақсатқызын мен де білемін, бірге жұмыс та істедік. Неліктен жұрттың көзіне олай көрінетінін білмеймін. Меніңше, біз ұқсамаймыз. «Еліктейді» дейді. Қалай еліктеймін? Менің шашымның түсін қараңыз. Ол кісінің шаш үлгісін қараңыз. Қай жеріммен еліктейді екенмін? Соны да түсінбедім.
Ол кісімен салыстырып жатса, әрине, ренжімеймін, «Баянға ұқсатты» деп те ренжімеймін. Өйткені ол ең сұлу, көрікті аруларымыздың бірі ғой. Мұны мойындау керек. Оның үстіне біздің мәдениетімізге зор үлесін қосып жатқан тұлға, мақтанарлық, үлгі тұтарлық әйел. Реніш жоқ. Дегенмен қытығымды келтіретін тұсы да бар. Өз басым бұл пікірмен мүлде келіспеймін. Ұқсастығымыз да жоқ, еліктеу де жоқ.
— Оқырмандарымызға өзіңіз жайлы айта кетсеңіз.
— Мен жалпы, жеке өмірім, отбасым жайлы ашықтан-ашық көп айтатын адаммын. 17 жасымда тұрмысқа шыққанмын. Жігітім марқұм Оңтүстік Қазақстанның тумасы. Бірге заң университетінде оқып жүріп танысқанбыз. Сөйтіп, 1-курсты тәмамдаған соң, тұрмысқа шығып кеттім. 4-курсты бітіргенде менің үш балам бар еді.
Қазір сол екі қызым, кенже ұлым – үш бала-шағам бар. Күйеуім марқұм 2005 жылы ауыр науқастанып, дүниеден озды. Былайша айтқанда, миында ісігі болды. Содан бері тұрмысқа шыққан жоқпын. Бірақ бәрін тастап, Астанаға көшіп келдім. Осында көшкеннен кейін жаңа өмір басталды.
— Балаларды жалғыз тәрбиелеген қиын емес пе?
— Қиын, әрине.
— Екінше рет отбасын құру ойыңызда жоқ па?
— Мен отбасын құрар едім. Біріншіден, мен тұрмысқа шығатындай, лайық адамымды кездестірген жоқпын әлі күнге дейін. Екіншіден, қазір кез-келген адамның басқа біреудің баласына бауыр басуы екіталай. Оның үстіне, менің балаларым – жасөспірімдер. Қыздарым бойжетіп қалды. Бір жағынан қауіпті де. Неше түрлі жаңалықтарды естиміз ғой.
Әлеуметтік желілерде де, теледидардан да көрсетіп жатады. Өзінің туған баласын аямағандар біреудің баласын аяйды дейсіз бе? Сондай да үрейлер бар. Сол үшін бөтен бір ер азаматтың үйде жүргенін өзім де қаламаймын. Бірақ менің бақытым үшін балаларым қарсы емес те шығар?! Олар тек қана жақсылық тілейді ғой маған. Тілектес, жанашырларым, көмекшілерім – менің осы балаларым.
— Бірақ мүмкін бе алдағы уақытта?
-Мүмкін енді, кім біледі? Кездестіріп қалармын. Мүмкін кездестірмейтін де шығармын. Оны тек қана Алла тағала біледі.
— Балаларыңыз осы төңіректегі ойларын айта ма сізге?
-Бұл тақырыпта ашық әңгімелесе береміз. Онда тұрған ешнәрсе жоқ. Өздері де біліп жүр, көріп жүр. Лайық адам жолықпай жүр маған (күліп).
— Сізбен тағдырлас қазақ әйелдері көп. Сол кісілерге сізден кеңес болсын, мотивация болсын. Қиындықпен күресуге, жеңуге қандай күш әсер етті? Осынша күш-жігерді қайдан аласыз?
— Сол қиындықты бастан өткергеннен кейін біз күшейеміз ғой. Ол бізге қуат береді. Біріншіден, бала-шағам бар. Соларды ойлауым керек. Қазір жолдасымсыз кешіп жатқан өміріме көз жүгіртіп, артқа қарасам, жасағанымның барлығы балаларым үшін ғана. Әрине, менің армандарым орындалып жатыр (күліп), оны да ескермеу мүмкін емес. Бірақ ең қозғаушы күш – балалар. Олар болмаса, мен білмеймін, мұңайып, қандай күйге түсетінімді, айтпай-ақ қояйын, болжамай-ақ та қояйын. Әйтеуір аман-есенбіз, деніміз сау, бала-шағам сау, ең басты байлық, бақыт осы.
newstaraz.kz