Жас кәсіпкердің қолынан шыққан отандық сағаттарға сұраныс көп
Қарағандылық жас кәсіпкер Арман Тосқанбаев сағат жасау сынды сирек істі қолға алған.
Алғашқы қадамы жаман емес. Шебердің қолынан шыққан «Отан Патриоты» деп аталатын ерлердің 25 қолсағаты көзді ашып-жұмғанша өтіп кеткен, деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті.
Циферблатында Қазақстанның Елтаңбасы бедерленген сағаттарды депутаттар мен мемлекеттік қызметшілер пышақ үстінде талап әкетіпті. Наурыз айында Арман «Президент» деп аталатын сағаттың қымбат жиынтығын құрастырып шығармақ. Одан кейінгі кезекте әйелдерге арналған сағаттар тұр.
Жақсының ісі жерде жатқан ба? Қазіргі таңда Арман тапсырыстың астында қалған. Еліміздің түпкір-түпкірінен алтын және күміс сағаттарға деген тапсырыстар күн сайын түсіп жатқан көрінеді. Әсіресе, Астана мен Алматының сағат құмарлары бұл шаруада ат оздырып тұр.
Қазіргі таңда Арманның шағын ғана шеберханасында бес адам еңбек етеді. Кім біледі, мүмкін бұл Қазақстан тарихындағы сағат шығаратын тұңғыш мануфактураның басы шығар?! «Маған бұл істе Отанға деген сүйіспеншілік рухани күш береді. Елбасымыз отандық өндірісті дамыту керек дегенде бұған мен өзімнің үлесімді осылайша қосқым келді», — деп сыр ақтарады Арманның өзі.
Қазір Армандар сағаттың дайын бөлшектерін құрастырумен ғана айналысады. Бара-бара бұл істі жетілдіріп, құрастыруды тереңдете түсу — көздеген мақсаттың бірі. Мысалы, сағаттың бауы мен корпусын және бедер өрнегін салуды өз беттерімен жасай бастамақ.
Негізінен, қол сағатына қажетті бөлшектер Швейцария, Жапония және Қытай мемлекеттерінде шығарылады. Бұрын бұл іспен ресейліктер де айналысқан екен, алайда, олар белгілі себептермен мұндай шаруадан бас тартыпты. Әлбетте, сағат жасау нарығында бос орын жоқ десе де болады. Бәсекелестік дегеніңіз жалына қол тигізбейді. Дегенмен, солай екен деп тартынып отырған Арман жоқ. Оның ойынша, өзіндік өндірісті дамытып, оны жергілікті мазмұнмен байытып, дайын өнімге патриоттық терең мән беру — игілікті іс, басты міндет.
Арман алғашқы сағаттардың дизайнын өз қолымен сызған. Соңынан мамандардың көмегіне сүйене отырып, еліміздегі атаулы даталар мен бас қаламыздағы танымал ғимараттарды бейнелеген нұсқалар пайда бола бастады. Арманға бұл істе өнімі Америка мен Еуропа нарығына тарайтын «Miami watch» компаниясында жұмыс істейтін қазақ жігіттері көп қолғабысын тигізген екен. Солардың көмегінің арқасында бірлескен өндіріс құрудың мүмкіндігі туды.
newstaraz.kz