Қазақстандықтар Түркиядағы зілзаладан кейін жылжымайтын мүлкін сақтандыруға кірісті (видео)

Түркия мен Сириядағы зілзаладан кейін Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сақтандырғысы келетіндер көбейді. Биыл елде сақтандырудың осындай түріне өтініш өткізгендер он есе артты.

Жылжымайтын мүлікті сақтандыру көрсеткіші бойынша Алматы қаласы алда келеді. Сақтандыру компаниясындағылардың айтуынша, оларға көбіне көп қабатты үйлерде тұратындар келеді. Бірақ баспананы сақтандыру туралы келісім-шарт өтініш берген азаматтардың бәрімен жасалмайды.

Біріншіден, 1968 жылға дейін салынған үйлерде тұратындар баспаналарын сақтандыра алмаған. Сақтандыру жөніндегі мамандардың айтуынша, мұндай үйлердің тіпті қуаты орташа жерасты дүмпуіне төтеп бере алатынына ешкім кепіл бере алмайды. Алматыда жарты ғасыр бұрын бой көтерген ықшам аудандар жетерлік: олардағы шамамен 1700 үй ресми түрде құлайын деп тұрған үй деп танылған, бірақ оларда адам тұрып жатыр. Екіншіден, құрылыс ресми тіркелуі қажет.

Экобелсенді, Алматы мәслихатының су жаңа депутаты Тимур Елеусізов қаладағы құрылыстың бейберекет жүріп жатқанын көптен бері айтып жүр. Ол үйін зілзаладан сақтандырған, Алматыда жылжымайтын мүлкі барларға да осылай жасауға кеңес беріп отыр.

Тимурдың пікірінше, Алматыда көп қабатты үйлерге қарағанда, жеке секторларда, әсіресе тау етегінде тұратындар жер сілкінісі бола қалған жағдайда көп шығынға ұшырауы мүмкін.

«Жоғарғы жақта үйлер тұр, 20 метрдей қиғаш орналасқаны көрінеді. Оларда тіреу қабырғасы бар, бірақ жер қозғалысына төтеп бере алмайды. Таунхаус салып, оны адамдарға сатып жатқандар үй емес, мола саудалап отыр деуге болады. Әлсіз жер сілкінісінен соң жауын-шашын болса, жердің үстіңгі қабаты опырылып түседі. Алматы қаласының тау етегіндегі елді мекендердің қирап қалуына осы да жеткілікті», — дейді экобелсенді.

Қазақстанда сақтандыру компаниясында жұмыс істейтіндердің айтуынша, Түркиядағы зілзалаға дейін күніне бір адам ғана жылжымайтын мүлікті сақтандыруға өтініш берсе, қазір шамамен 15 адам келеді.

«Өз еркімен сақтандырудың кейде тиімді жақтары барын адамдар жәймендеп түсіне бастады. Түркияны мысалға алсақ, зілзаладан кейін адамдар сейсмикасы қауіпті аймақта тұратынын ұғынды», — дейді алматылық қаржы сарапшысы Сергей Чикин.

Источник

Комментарий (0)
Добавить комментарий