Бүгінгі оқушы – ертеңгі елдің қорғаушысы

Бүгінде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда Шымкент қаласы №15 Д.И.Менделеев атындағы мектеп-лицейінің оқушыларымен «Рухты елдің – ұрпағы қайсар» атты тақырыбында  ерлік сабағы өтті.

 

Кездесуге Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахымов атындағы Шымкент республикалық “Жас ұлан” мектеп бастығының орынбасары подполковник Медғат Мадрахимов, әскери журналист Мәдина Махамбетқызы және де ұландар мен сарбаздар қатысты.

Ерлік сабағының мақсаты – жастарымыздың бойындағы адами құндылықтарды бағалау, ел алдындағы азаматтық парызын сезіну, отан үшін қандайда болмасын тәуекелге бара білу секілді рухани — патриоттық құндылықтарын жетілдіру болып отыр.

Жиын барысында әскерилер өздерінің осы әскери қызметте жүріп басынан кешкен қызықты оқиғаларын бөлісіп, мақсатқа жету үшін адам бойында мінез бен тәртіптің болу қажеттігін айтты. Сондай-ақ, әскери өмірдің тыныс-тіршілігі, ондағы өзекті мәселелер ашық талқыланды. Болашақ сарбаздарды елінің нағыз патриоты болуға шақырды.

«Бүгінгі мектеп оқушыларымен өткен кездесу – өзіндік маңызы бар деп ойлаймын. Себебі, жастарға жігер, қайрат беретін осындай шаралар ертеңгі елдің қорғаушыларына терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеуге бағытталған. Осындай шараны ұйымдастырған қорғаныс саласының басшылығына алғысымыз шексіз, болашақта осы мектептен түлеп шыққан көптеген отан қорғаушылар болатынына сенімдімін», — дейді мектеп директоры Жанар Саржанова.

Ерлікке бағдар болған сабақ барысында оқушылар ойларында қордаланып жүрген маңызды сауалдарға мардымды жауап ала алды.

Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі

Комментарий (0)
Добавить комментарий