«Батыл тойтарыс – 2022» оқу-жаттығуында теңіз жаяу әскерлері қала ішінде ұрыс жүргізді

Ақтау гарнизонының «Оймаша» оқу-жаттығу полигонында елдімекендегі арнайы әскери іс-қимылға дайындалу және оны жүргізу бойынша жауынгерлік оқ атудан тактикалық оқу-жаттығуы өтті.

 

Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес теңіз жаяу әскерлерінің бригадасына елдімекенді заңсыз қаруланған құрамалардан тазарту міндеті жүктелді.

Осыған байланысты барлау, танк, артиллерия, зениттік, инженерлік-саперлік бөлімшелермен, сондай-ақ армияның авиациялық топтармен және ұшқышсыз ұшу аппараттарының есептоптарымен күшейтілген батальондық тактикалық топ құрылды.

Оқу-жаттығуға барлығы 400-ден астам әскери қызметші тартылып, 100-ге жуық қару-жарақ пен әскери техника жұмылдырылды.

Теңізшілер шартты жауынгерлік қолдану аймағына марш жасап, аймаққа тосқауыл қойды. Ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды қолдана отырып жасалған үздіксіз барлау нәтижесі содырлардың күштері мен құралдарының жиналған жерін анықтауға мүмкіндік берді.

Содырлар берілуден бас тартқан соң, қолдағы бар қарумен заңсыз қарулы құрамалардың көзін жойды. Ал әскери қызметшілер елдімекеннің барлық нысандарына бақылау орнатты.

– Қаладағы ұрыс – жауынгерлік іс-қимылдың аса күрделі түрлерінің бірі. Сондықтан ірі қалаларда, яғни адам көп шоғырланған ортада әрекет ету үшін әскерлерді даярлау жүйесін жетілдіреміз. Бұл оқу-жаттығуға қатысушылардың бәрі күрделі әрі тез өзгеретін жағдайда кәсіби іс-қимылдағы ептілігін көрсетті, — деп атап өтті теңіз жаяу әскерлері бригадасының командирі подполковник Жаннұр Сатқынов.

Бұдан бөлек, тактикалық оқу-жаттығу барысында Шекара қызметі мен Қарулы күштердің бөлімшелері банда құрамалары резервтерінің кіруіне жол бермеу үшін мемлекеттік шекараны күзетуді күшейтуге қатысты оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындады. Ұлттық ұлан мен полиция жақын маңдағы елді мекендерде соғыс жағдайында құқықтық режимді қолдау жөніндегі шараларды жүзеге асырды. Бұл шаралар теңіз жаяу әскерлерінің белгіленген жауапкершілік аймағында арнайы әскери іс-қимылды нәтижелі өткізуіне септігін тигізді.

«Батыл тойтарыс – 2022» ведомствоаралық стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың күштік құрылымдарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету, олардың жедел және әскери-техникалық үйлесімділігін жолға қою, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді күшейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өткізіліп жатқанын айта кеткен жөн.

 

 

ҚР ҚМ Атырау гарнизоны бойынша баспасөз қызметі

3 сыныпты сержант Тимур Галиев

Байланыс: +7-775334-22-88

Комментарий (0)
Добавить комментарий