Еліміздің шығыс шекарасын қорғауға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі директивасының негізінде 1992 жылы 1 қарашада Түркістан әскери округының 32-ші армиясының құрылымдары мен бөлімдерінің базасында 1-ші армиялық корпусы құрылды. Ол Семей қаласында шоғырланды. Әскери-саяси міндеттерге сүйене отырып, Қарулы Күштердегі ұйымдастырушылық-штаттық құрылымдарды жетілдіруге байланысты 2000 жылы 15 қыркүйекте 1-ші армиялық корпустың әскери бөлімдері базасында «Шығыс» әскери округы құрылды. Үш жылдан соң әскердің жауынгерлік қбілеттілігін арттыру мақсатында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы болып өзгертілді.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы үшін 2004-2005 жылдар тарихи жаңалықтарға толы болды. Мәселен, 2004 жылдың күзінде 95876 әскери бөлімі қала типтес Жаңа Ахмер поселкесіне шоғырланды. Сол базаның құрамына Георгиевкадан 27943 әскери бөлімі көшіп келді. Екі айдың ішінде бригаданың жеке құрамы барлық әскери техниканы жеткізіп, жаңа орынға орналасты. 2005 жылы мамыр айында Аягөз гарнизоны үлкен өзгерістерге ұшырады. Мұнда құрамына бірнеше әскери бөлімдер қарайтын механикаландырылған дивизия құрылып, ол 10810 әскери бөлімі болып өзгертілді. 2005 жылы шілде айында 21035 әскери бөлімі Үшарал гарнизонынан Семей қаласына көшіріліп, арнайы мақсаттағы жеке барлау батальоны болды. 2005 жылдың мамыр-қыркүйек айлары аралығында штаттық-ұйымдастыру шараларына байланысты бес әскери бөлім бірікті: 07187 (Өскемен гарнизоны), 62983 (Георгиевка гарнизоны), 01735, 62914, 32388 (Семей гарнизоны). Ол жөндеу және қалпына келтіру базасы деген жаңа атауға ие болды. 2006 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен бекітілген тәрбие берудің мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында «Шығыс» оқу орталығы ашылды. Көп ұзамай жалпыәскери атыс алаңы, химиялық және инженерлік қалашықтар да құрылды. 2006 жылы 5-12 қыркүйек күндері «Шығыс» оқу орталығында кешенді командалы-штабтық оқу жаттығулары өтті. Жаттығудың үшінші кезеңінде жауынгерлік атыстан бригадалық-тактикалық оқу жаттығулар да болды. Бұл Қазақстанның Қарулы Күштеріндегі есте қаларлық командалы-штабтық, бригадалы-тактикалық оқу жаттығу болғанын айта кеткен жөн. Жауынгерлік әзірліктің жоспарына сәйкес, 2008 жылы маусым айында «Шығыс» оқу орталығында Ресей Федерациясының Қарулы Күштерімен командалы-штабтық оқу жаттығуларының шеңберінде 27943 әскери бөлімінің 1-ші мотоатқыштар батальонымен батальондық-тактикалық оқу жаттығулары өтті. 27943 әскери бөлімінің 3-ші мотоатқыштар батальоны «Орталық-2008» оқу жаттығуының аясында Ресей Федерациясының Приволжск-Уральск әскери округының жалпыәскери полигонында ұйымдастырылған халықаралық тактикалық оқу жаттығуына да қатысты. 2009 жылы 27 шілде – 1 тамыз аралығында Қарағанды облысының Спасск қаласында Қазақстан мен Белоруссия мемлекеттерінің қатысуымен өткен үлкен бәсекеде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының мергендері бірінші орынды иеленді. ҚР ҚК жалпы командалары арасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы үшінші орынды ұтты. «Бейбітшілік пен қауіпсіздікке әскери қарым-қатынас арқылы» халықаралық жарыста өңірлік қолбасшылық өкілдері арасында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 44736 әскери бөлімі бірінші орынды ұтып алды. 2009 жылдағы үлкен жаңалықтың бірі «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери полигонындағы жедел-тактикалық командалы-штабтық «Өзара қимыл-2009» жаттығуының белсенді кезеңі болса, 2010 жылы «Шығыс» оқу — жаттығу орталығында ұрыс атыстарымен бригадалық — тактикалық жаттығулар қолға алынды. Шатырлы қалашық құрылған жоқ. Жеке құрам барлық инженерлік және бүркемелі шараларды жүзеге асыра отырып, ұрыс жағдайындағы позицияларға орналасты. Отан қорғаушылардың жауынгерлік әзірлігін одан әрі жақсарту мақсатындағы 2011 жылдың басты оқиғасы – Қазақстан мен Ресейдің бірлескен жедел-тактикалық командалық-штабтық «Шығыс-2011» жаттығуы. Қазақстан жағынан «Шығыс», «Оңтүстік», «Астана» өңірлік қолбасшылықтары, Әуе қорғанысы күштері, Аэроұтқыр әскерлерінің десантты-шабуылдаушы бөлімдері, ал Ресей армиясынан Әскери әуе күштері, Әуе десанттық әскері, бұған қоса Орталық әскери округтен жедел топ тартылды. «Шығыс» полигонында екі мемлекеттің Қарулы Күштерінен құрылған коалициялық топ шартты әскери дағдарыс болған аймақтағы жағдайды тұрақтандыру үшін біріккен операциялар жүргізді. Бір апта бойы механикаландырылған, танкі мен артиллериялық құрамалар мен бөлімдер, десантты-шабуылдаушы бөлімдер жоғары нәтиже көрсету үшін дайындық жаттығуларын өткізді. Бұл жаттығудың бір ерекшелігі – жаттығуға алғаш рет резервтегі жауынгерлер қатысты.
ҚР Президенті – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың жетекшілігімен армияның жаңа түрін құру шеңберінде әскери қызметті жан-жақты трансформациялау және реформалау бойынша түпкілікті өзгерістер жүргізілді. Ерен еңбектің арқасында тарихи жылнаманың жаңа парақтары жазылды. Өңірлік қолбасшылықты әр жылдарда басқарған генерал-лейтенант Ф.Щербаков, генерал-майор Ә.Жарболов, генерал-лейтенант Б.Ертаев, генерал-майор У.Еламанов, генерал-майор М.Сихимов, генерал-майор Б.Жанасаев, генерал-полковник С. Жасұзақов, генерал-лейтенант Н. Поспелов, генерал-майор В. Рысбаев, генерал-майор М. Бектанов, генерал-майор Нурлан Кашаганов «Шығыстың» құрылуы мен қалыптасуында құрметті де күрделі миссияны атқарды. Әскерді құру мен нығайтуда, елді қорғауда, әрі мемлекеттілікті сақтап қалуда запастағы генералдар мен офицерлер көп еңбек етті. Өзіндік тарихы қалыптасқан қолбасшылықтан түлеп ұшқан офицерлер бүгінгі күні жауапты жетекшілік қызметте еңбек етіп, Қарулы Күштеріміздің дамуына өз үлесін қосуды одан әрі жалғастырып келеді. Бүгінгі күні Қазақстанның дамуы мен жетістіктерінің және ҚР Президенті — Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың қолдауының арқасында әскери бөлімдер қазіргі заманғы әскери техникамен, қару-жарақпен жабдықталған. Полигондардағы үдемелі жауынгерлік әзірлік бір жүйеге қойылған.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 27 жыл толуына арналған мерекелі жиында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы полковник Асан Жусупов «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тарихын тереңнен талдады.
«Мемлекет басшысы белгілеген басымдықтарды жүзеге асыруда 2019 жылы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы жемісті еңбек етті. Қолбасшылық әрдайым алдыңғы шептен көрініп, көшбасшылық позицияда келеді. Жауынгерлік әзірлікті одан әрі белсендірудің, кәсіби дағдыны барынша арттырудың, әскери тәртіп пен құқық тәртібінің жағдайын жақсартудың оң үрдісін сақтай білді. Әлемдік додада Қазақстанның Қарулы Күштерінің жауынгерлік даңқы мен абыройын арттырған әскерилердің жетістігі мақтауға лайық»,- деді ол. Гарнизондық офицерлер үйіне ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, Семей өңірлік гарнизоны әскери полиция жасағының бастығы подполковник Талғат Әмірхан, 54835 әскери бөлімінің командирі 1-ші сыныпты ұшқыш полковник Мақсұтбек Әділбаев, Семейдегі дарынды балаларға арналған Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» ерлер лицейінің бастығы Құрмаш Оқасов келіп, жүрекжарды тілектерін арнады.
Бүгінгі күні «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы – жауынгерлік жолы мен даңқты дәстүрлерінің терең тамыры Ұлы Отан соғысының шежіресімен сабақтасқан әскери құрылымдары мен бөлімдері бар еліміздің Қарулы Күштерінің ең ірі бірлестіктерінің бірі. Полковник Асан Жусупов қолбасшылық ететін «Шығыс» өңірлігінің әскерилері батыр бабалардың жауынгерлік дәстүрін жалғастырып, Қазақстанның болашағының баянды болуы үшін одан әрі талмай еңбек ете бермек.