Стамбул полициясы өткен аптадағы рейд кезінде Түркияда заңсыз тұрып жатқан ондаған өзбекстандықты ұстады.
Өзбекстан азаматы Ділшод Ахмедов Түркияда ұсталып, елге депортацияланған мигранттардың бірі.
Оны өткен аптада Еникепе базарындағы автобуста ұстады. Ахмедовтың елде жүріп-тұруға рұқсат қағазы болмаған. Мигрантты Тузладағы мигранттарды уақытша ұстау орталығына жеткізді. Ділшодтың айтуынша, мұнда елуден астам өзбек азаматы болған.
«Олар бізді автобуспен 18 сағат алып жүрді. Кісендеді. Арамызда алпыстағы қарттар да болды. Орталықта тұрып жатқанына екі ай болған өзбекстандықтар да бар. Адам төзгісіз жағдайда ұстады. Біз 24 сағат аш жаттық. Өзбекстан азаматтарына қысым ұлғайып барады. Бізге адам құрлы көрмеді. Өзбекстан елшілігінен сонда қалған отандастарға көмектесуін сұраймын», — дейді 24 жастағы Ділшод Ахмедов.
Өзбекстан азаматтарына Түркияға кіру үшін виза қажет емес. Өзбек азаматтары бұл елде үш ай емін-еркін жүріп-тұра алады.
Түркияда 50 мыңнан астам еңбек мигранты ресми түрде тіркелген. Алайда бұл елдегі заңсыз мигранттар саны бұдан бірнеше есе көп.