Астаналықтар «Спарта номад» командасын әуежайда күтіп алды
Шешуші ойында спарталықтар Ресейдің төрт бірдей командасын ұтты.
Жақында ғана Көңілді тапқырлар клубы Жоғарғы лигасын жеңіп алған «Спарта Номад» командасы бүгін Астанаға оралды, — деп хабарлайды Хабар 24.
Оларды қарсы алуға туыстары мен белгілі әзілкештер, жанкүйерлер әуежайға жиылды. Ұшақ таңғы сағат 6 шамасында қонса да, күтіп алушылардың қарасы қалың. Жоғарғы лиганың финалы 15 желтоқсанда Мәскеуде өткен еді.
Шешуші ойында спарталықтар Ресейдің төрт бірдей командасын ұтты. Айта кетейік, «Спарта» – Жоғарғы лиганы жеңіп алған алғашқы қазақстандық ұжым.
– Бүгінгі күннің, КВН-нің батырлары деуге болады. Сондықтан елорданың жастары келіп, жас батырларымызды күтуде. Ол да Тәуелсіздік күніне орай үлкен сыйлық деп есептеуге болады, — деді Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Асхат Оралов.
– Бір жарым-ай үйде болған жоқпыз, біріншіден. Менің қызым туылды 3-желтоқсан күні. Мен әлі көрген жоқпын қызымды. Сондықтан сөзбен айту оңай емес, — дейді «Спарта Номад» командасының капитаны Данияр Жұмаділов.