Мәйітханада екі рет тірілген шымкенттік қария медбикелерді шошытты
Қария. Көрнекі фото: tmb.news
«Оңалту орталығынан әрең дегенде бір орын тауып, сонда жатырмын. Ол жерде ылғи ұры-қары жиналған. Бір бөлмеде жиырма шақты адам жатады. Мойныңды сәл бұрып қалсаң, көзің ілініп кетсе болды, киім-кешек, темекі-қағаз тұрмақ, алдыңдағы бір кесе тамағыңды да ұрлап алады», — дейді ақсақал.
Қария басынан өткен қиындықтарды баяндады.
«Осыдан екі жыл бұрын жол апатында көлікпен қоса өртеніп, бір жарым жыл «ожог» орталығында жаттым. Өліп қалды деп мені екі рет «моргке» тастаған. Екі рет тіріліп, медбике қыздарды шошытқанмын. Аяқ-қолым содан тартылып қалған. Санымның терісін алып, денеме тігіп берген, әйтпесе денем түгел күйіп кеткен, шала піскен қызыл ет болып қалды ғой. Сол аяғымның сіңірі шала пісіп, тартылып қалды. Оң қолымның саусақтары да толық ашылмайды, бүгіліп қалған. Екі күннен кейін осыған ота жасатамын. Қаладағы мақтаулы нейрохирургпен келістім. Ақшасын арадағы таныс арқылы алдын-ала беріп қойғанмын. 60 мың теңге сұраған, оған толтыра алмай, он күн бұрын 59 мың теңге бердім. Енді кезегімді күтіп жүрмін», — дейді ол.
Ақсақал әйелі өзгенің құшағында кеткенін жасырмады.
«Кезінде әскери қызметте болдым. Әлемнің 17 елін араладым. Вьетнам, Сирия дегенің мен топырағын жаяу кешкен елдер ғой. Үйіме бір жылда бір-ақ келетінмін. Содан әйелім басқаның құшағында кетті. Бала кетті қарамай-қайырылмай. Қызым өкпелеп, хабар-ошарсыз. Денсаулық, міне, таяқты тастағаным кеше, бірақ жүріп-тұруым мұң. Өліп қалсам кім көмеді деп уайымдаушы едім. Екі аптадан кейін Қарттар үйінде орын босайды екен. Оңалту орталығында жүріп комиссиясынан өтіп, бар құжатымды дайындап қойдым. Екі «пенсиямды» бердім сол орын үшін», — деп жалғастырды зейнеткер.
«Тағы бір «пенсиям» комиссияның бензині, жүріп-тұрған жолкіресі мен түстік асына кетті. Оны бермесең тексермейді, құжатыңды өткізбейді. Мүгедек пен мүсәпірден де ақша дәметкен қу заман ғой, қайтейін. Қарттар үйіндегілер де «пенсияңның» 70 пайызын бізге аударып тұрасың деді. Көндім. Таза төсекте, жылы жерде жатып-тұрсам, ас-ауқаты бар болса, бермегенде қайтем? Өйтпесем далада қаңғырып қаламын ғой. Ол жер болмаса мына суықта жарымжан басым бір жерде аунап, өліп қалатыным анық. Қазір адамдар қайырымсыз, өліп жатсаң алқаш екен деп айналып өтіп кете береді», — деп мұңын шақты қария.
newstaraz.kz