Қазақстан ауыр атлетінің қазасына байланысты «өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабы бойынша іс қозғалған
Жетісу облысы Қаратал ауданы Достық ауылындағы өз үйінен ауыр атлетикадан Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, 2008 жылы Пекинде өткен Олимпиада ойындарына қатысушы Владимир Седовтың мәйіті табылған.
Бұл ақпаратты Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратты. Биыл наурызда Седов 35 жасқа толған.
Қазақстан ауыр атлетика федерациясы Владимир Седовтың маусымның 27-сіне қараған түні өлгенін хабарлады.
Полиция хабарына қарағанда «мәйіттен зорлық-зомбылық белгілері байқалмаған». Туыстары өз-өзіне қол жұмсағанын айтқан. Департамент баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің «Өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады.
Қазақстанның еңбек сіңірген спортшебері Владимир Седов халықаралық турнирлердегі жетістіктері үшін 2009 жылы мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталған.
2016 жылы халықаралық ауыр атлетика федерациясы (IWF) 2008 жылы Пекиндегі олимпиадаға қатысқан Қазақстан ауыр атлеттерінен допинг табылғанын хабарлаған. Оның ішінде Седов та болған.
2019 жылы IWF Владимир Седовтың 2008 жылдан 2016 жылға дейінгі аралықтағы титулдарының күшін ресми түрде жойған. Екі жылға созылған тексерістен кейін, 2018 жылы Седов сегіз жылға ауыр атлетикадан шеттетілген.
2021 жылы оның ағасы Сергей Седов Қазақстан ерлер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметінен босатылған. Оған жатықтырушыларды айыптап, өз-өзіне қол жұмсаған 25 жастағы ауыр атлет Альберт Линдердің өлімі себеп болған.
newstaraz.kz