Қаңтар оқиғасы: 41 іс бойынша үкім шыққан
Алматыда қаңтар оқиғасына байланысты 82 қылмыстық іс сотқа түскен, жартысына үкім шыққан. Негізінен айыпталушылардың бостандығы 2-4 жылға шектелген. 9 наурызда Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі Азаттыққа осылай деп хабарлады.
«5 қаңтар күнгі жағдай бойынша Алматы соттарына 82 қылмыстық іс түсті: 41 іс қаралып жатыр, 41 іс бойынша үкім шыққан. Түскен істердің басым бөлігі 188-бап 3-бөлік («Ұрлық») бойынша қозғалған. Үкімдер бойынша негізінен 2 және 4 жылға бостандықты шектеу жазасы тағайындалған. Пробациялық бақылау арқылы бостандықты шектеу» деді баспасөз қызметінің өкілі Абай Жарылқасын.
Баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, айыпталушылардың кінәсін мойындап, өкінуі, материалдық шығынды өз еркімен өтеуі, кәмелетке толмаған балалары немесе күтімге зәру жақындарының болуы сияқты жайттар сотта үкімді жұмсартатын жайттар болып қарастырылған. Ал қылмыстың төтенше жағдай кезінде жасалуы үкімнің қатаюына себеп болған.
Баспасөз қызметі дегенмен 41 іс бойынша қанша адамға шектеу жазасы және қанша адамға түрме жазасы тағайындалғанын нақтыламады. Сот ақпараты бойынша, айыпталушылардың басым бөлігі – Алматы мен төңірегіндегі елді мекенде тіркелген «жұмыссыз жастар». Дегенмен айыпталушылар арасында орта жастан асқандар да бар.
«Жуырда Алатау аудандық сотында «Ақбұлақ» ықшамауданында тұратын 44 жастағы тұрғынның ісі қаралды. Істің мән-жайы былай: ол 6 қаңтарда (қалада бейбіт шерушілерге оқ атылған күні – ред.) кешкі сағат 8-де Райымбек даңғылында орналасқан «Смолл» орталығындағы Sulpak дүкеніне кіріп, OpOp маркілі үш телефон мен бір ноутбук ұрлаған. Жалпы 877 000 теңге көлемінде шығын келтірген. Сотта ол кінәсін мойындап, шығынды толтырды. Әрекетіне түсініктеме берді. Өзінің айтуынша, дүкеннен адамдардың заттарды алып жатқанын көріп, ол да сынған терезелер арқылы дүкенге кіріп, тауарды алып кеткен. Заңға сәйкес мұндай қылмыс бойынша 2-7 жыл түрме немесе бостандықты шектеу жазасы қарастырылған. Сот оған мүмкіндігінше жеңіл жаза тағайындады. Бостандығын екі жылға шектеді. Ол өз кінәсін мойындап, шығынды еркімен толтырды» деді баспасөз қызметінің өкілі.
Азаттық бұған дейін 21 ақпанда Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Есік қаласының тұрғындары Бақыт Оңтай мен Өжет Жеңісханды 5 жылға бас бостандығынан айырғанын хабарлаған. Екі айыпталушы да 1999 жылы туған, 22 жаста. Оларға Қылмыстық кодекстің 291 бабы 3 бөлігі бойынша («Қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу») айып тағылған. Адвокаты олардың тағылған айыптарды мойындағанын айтқан. Бұл қаңтар оқиғасы бойынша шыққан алғашқы үкім деп айтылады.
Бас прокуратура наурыз айының басында қаңтар оқиғасы бойынша елде 62 адам сотталғанын айтқан. Бірақ сотталғандарға қандай жаза тағайындалғанын, қаншасы түрмеге қамалғанын айтпаған. Ресми мәлімет бойынша, 162 айыпталушының үстінен қозғалған 101 қылмыстық іс сотқа жіберілген. Бұл істердің басым бөлігі Алматыда қаралып жатыр.
newstaraz.kz