Қазақстан билігі цифрландыру бойынша «Сбербанкпен» келіссөз жүргізуді жалғастырып жатыр
Бүгін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстан парламентіндегі үкімет сағатында «Сбер» платформасын жасаған Ресейдің технологиясын мақтады.
— Олар [Ресей] зымыран да құрастырады, Yandex, Mail.ru да жасап жатыр. Қазақстан сервистері ондай деңгейге жеткен жоқ. «Сбердің» технологиясы дамыған және олар кодтарды беруге дайын, – деді министр.
Бағдат Мусиннің айтуынша, Қазақстан Ресейден платформаны сатып алғанымен, оны Қазақстанның өз мамандары құрастырады және кейін Ресей бұл платформадан ешқандай ақпарат ала–алмайды. Министрдің сөзінше бұл мәселенің саяси астары жоқ.
— Біз мемлекетті емес, технологияны таңдадық. Facebook, Google деңгейіндегі платорформаларды қарастырдық. Олар кодты бере алмайды, сондықтан, код бере алатындармен сөйлестік. Қытай компаниялары код беруге дайын болды, бірақ талаптары ауыр болғандықтан келіспедік,– деді Бағдат Мусин журналистерге.
Министр Қытай компанияларының Қазақстаннан не талап еткенін айтқысы келмеді.
Мәжіліске «Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің цифрлануы» деген мәселе бойынша парламентке есеп беруге келген Бағдат Мусин Қазақстанда IT саласы қарыштап дамып жатыр десе де, депутаттар сауалынан соң «Сбер» секілді платформа жасауға Қазақстан мамандарының әлеуеті жетпейді дегенді айтты.
Қыркүйектің басында Қазақстан үкіметі мен ресейлік «Сбер» компаниялар тобы қол қойған меморандумның мәтіні жарияланған. Ондағы ақпаратқа қарағанда, Қазақстан ресейлік «Сбербанктің» IT-платформасын 500 млн долларға сатып алады. Қазақстанға бұл ақшаны «Сбердің» өзі мемлекет кепілдігімен қарызға береді.
«Әділет» порталында жарияланған құжат қазақстандық «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ мен ресейлік «Сбербанк» ЖАҚ арасында қарыз жөнінде келісім жасауды қарастырады. Құжатта 500 млн АҚШ долларына пара-пар қаражат ресейлік рубль күйінде Ресей жағына қажетті құжаттардың барлығы уақытында берілген жағдайда 2022 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін беріледі деп көрсетілген.
E-gov-қа балама GovTech жүйесі «Сбердің» Platform V платформасына негізделіп жасалады. Меморандум 31 қазанға дейін концорциум құруды да қарастырады. Құжатта ERG компаниялар тобына еншілес BTS Digital ЖШС стратегиялық әріптес ретінде көрсетілген.
Қоғамда бұл меморандумға байланысты наразы пікірлер көбейіп, оны «Ресей ықпалындағы шенеуніктердің әрекеті», «Ресей билігінің қысымы» деп сынға алған.
newstaraz.kz